Атырауда шетелдік көліктің шанақ нөмірі жалған болып шықты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда шетелдік көліктің шанақ нөмірі жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Атырау қаласында тұратын 1949 жылғы тұрғыны арызданған.
«Оның арызында көрсетілгендей, қайтыс болған күйеуінің «Lexus LX» маркалы көлігін өз атына қайта ресімдегісі келген. Алайда, полиция қызметкерлері көлік құжатын ресімдеу Қызылорда облысында 2013 жылы дәл осындай үлгідегі автокөліктің тіркелгенін анықтады. Сондай-ақ, автокөліктің шанақ және қозғалтқыш нөмірлері бірдей болып шықты.
Азаматшаның айтуынша, күйеуі бұл автокөлікті 2006 жылы Алматы қаласынан сенімхат арқылы сатып алып, тұрғылықты мекен-жайы бойынша Атырау қаласында өз атына рәсімдеген. Қазір екінші автокөлік Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына тиесілі екені белгілі болды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көлігіне жалған нөмір тағып алған жүргізуші ұсталған еді.