Атырауда шөп өртеніп, ауада көміртегі тотығы шекті мөлшерден асып кетті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда даладағы шөп өртеніп, ауада көміртегі тотығының шекті мөлшерден асқаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт 26 тамыз сағат 16:54-те басталған.

«Атырау қаласының сол жақ бөлігіндегі далалықта құрғақ шөп өртенді. Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер, 1 техника, «Семсер «Өрт сөндіруші» ЖШС-ның 3 қызметкері мен 2 техника тартылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Мұнайлы шаһар тұрғындарының алаңдаушылығын тудырды. Олар әлеуметтік желіде ауа сапасының нашарлағанын айтып, пікір қалдырды.

Осыған байланысты облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі құрғақ шөп өртенген маңнан атмосфералық ауа сынамасы алынғанын мәлім етті.

«Экология департаментінің мамандары қала аумағының атмосфералық ауасынан сынама алды. Сынамаларды талдау нәтижесінде көміртегі тотығының рұқсат етілген шекті шоғырланудан асқаны анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тұрғындар құрғақ шөп өртенгеніне иланбай отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында қорада жиналып тұрған 50 бума шөп өртеніп кеткенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар