Атырауда синтетикалық есірткіні жасырын орынға жеткізуші ұсталды

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, есірткі жеткізушінің жасы – 30-да.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізіп, Атырау қаласының аумағындағы тұрғын үйдің бірінен синтетикалық есрткіні аса ірі мөлшерде жасырын орынға тығып жүрген 1993 жылғы күдіктіні ұстады. Күдікті есірткіні осындай әдіспен таратады деген күдікке ілінген. Күдіктіден 3 пакетке салынған ақ түсті ұнтақ заты, түрлі түсті орама, зергерлік электронды таразылар, ұнтақ салынған 2 ыдыс, ақ түсті ұнтақ заты бар зип-пакеттер, бос 50 зип-пакет және күдіктіге тиесілі жабыстырғыш пен Telegram мессенджеріне жасырын тығу туралы жазылған хаттары бар ұялы телефон тәркіленді. Осы айғақ заты арқылы қылмыстық іс тіркелді. Сараптама қорытындысымен алынған заттардың салмағы 173,9 гр екені анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жергілікті полицейлер күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастады. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда деструктивті діни ағым өкілі тұратын үйдің ауласынан марихуана табылғанын жазған болатынбыз.
Полиция қызметкерлері деструктивті діни ағымды ұстанатын 23 жастағы тұрғынның Атырау қаласындағы үйінің ауласына тексеру жүргізді. Тексеру кезінде жалпы салмағы 90,2 грамм марихуана тәркіленді. Деструктивті діни ағым өкілінің бұрын сотталғаны анықталды.