Атырауда сумен қамту және кәріз желісінің 5 жылдық тарифі бекітілді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сумен қамту және кәріз желісінің 5 жылдық тарифі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа тариф биылғы 1 қыркүйекте енгізіледі. Бұл тариф 2028 жылғы 30 сәуірге дейін өзгермейді.
Тарату желілері және магистральдық құбырлармен су беру, Атырау қаласы мен Мақат ауданы бойынша ағынды суларды бұру және тазарту бойынша реттелетін қызметтерге жаңа тарифтер енгізілді. Сумен қамтудың бағасы 22%‐ға, ал кәріз желісінің тарифі 28% - ға артып отыр.
«Тарифтердің көтерілуінің басты себебі – жалақының төмендігіне байланысты кадрлардың ауысуы. Бұл кәсіпорынның тұрақтылығы мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қауіп төндіреді. Жаңа тарифтің есебінен өндірістік персоналдың орташа жалақысы 72%-ға артады. Ал әкімшілік қызметкерлердің орташа жалақысы 9%-ға өседі» - делінген «Атырау облысы Су Арнасы» КМК ақпаратында.
Бұрын тұрғындар үшін сумен жабдықтауға арналған тариф бір текше метр үшін 89,23 теңге болған. Енді бұл 108,98 теңгеге жетті. Су бұру тарифі осы кезге бір текше метрге 34,75 теңге болған. Аталған қызмет құны 1 қыркүйектен бастап 59,08 теңге болады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында электр қуатының тарифі 12,17 пайызға өскенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ жылу бағасы 22,5 пайызға өскенін жазған болатынбыз.