Атырауда төбесінен су аққан мектептің оқушылары басқа білім ордасына ауыстырылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда төбесінен су аққан мектептің оқушылары сабақты онлайн форматта оқып жүр. Енді оқушыларды басқа білім ордасына ауыстыру мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі бұл деректі растап отыр.

Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясының оқушылары кеше, 16 ақпанда онлайн форматта оқуға жіберілген.

Мектеп-гимназия директоры Айгүл Жаназарованың айтуынша, онлайн форматтағы оқу 18 ақпанға дейін созылады. Бұған білім ордасы ғимаратының төбесінен су аққаны себеп болған. Соның салдарынан оқу кабинеттерінің жапсырмалары бүлінген.

«Ақпан айының басында көп мөлшерде қар жауды. Кейін №30 мектеп-гимназиясының төбесінен еріген қар суы ағып, төбе жабындылары жарамсыз күйге түсті. Осыған байланысты оқушылар қашықтан оқуға жіберілді. Биыл бұл мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайын. Білім ордасының ғимаратына мемлекеттік сараптама жүргізуге тиісті қаражат қаралды. Сараптама қорытындысы жасалған соң мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінеді», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, оқушылар білім ордасына әзірге қайта оралмайды. Өйткені, қазір №30 мектеп-гимназиясының оқушыларын басқа мектепте оқуға көшіру мәселесі қаралып жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мектептің электр желісінен ақау шығып, оқушылар қашықтан оқуға жіберілгенін хабарлаған болатынбыз.

Кейін екі күн мектеп пен колледждегі сабақ онлайн форматта өтетінін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар