Атырауда туберкулез жұқтыру азайып, коронавирусқа шалдығу 4 есе өсті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, өңірде өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 8,3%-ға төмендеген.
«Биылғы жылғы бес айда денсаулық сақтау саласында кей көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Атап айтсақ, туберкулез дертінен болатын өлім 44,4%-ға, ал аталған аурумен сырқаттанушылық 18,5%-ға төмендеді. Қатерлі ісікке шалдыққандар арасындағы өлім 9,7%-ға, сырқаттанушылық 8,9%-ға төмендеп отыр. Қан айналымы жүйесі сырқатымен ауыратындардың өлімі 4%-ға азайды. Алайда, қан айналымымен сырқаттанушылық 12,4%-ға өсіп отыр», -дейді Асхан Байдуәлиев.
Оның дерегіне сүйенсек, Атырау облысында соңғы екі аптада Covid-19 инфекциясына шалдығушылар саны төрт есеге өскен.
«Коронавирус инфекциясының қайта өршуіне байланысты Атырау облысында 333 инфекциялық төсек-орын ашылды. Жансақтау бөлімінде 33 төсек-орын жасақталды. Биылғы 19 шілдедегі жағдайымен инфекциялық стационарда 33 науқас ем алып алып жатыр. Оның ішінде №2 облыстық ауруханаға 28 науқас түсті. Жансақтау бөлімінде 1 науқас ем-дмо қабылдау үшін оқшауланды. Ал, Жылыой аудандық орталық ауруханадағы инфекциялық стационарда 4, Құрманғазы ауданындағы осындай аурухананың инфекциялық стационарында 1 науқас емделуде. Жалпы инфекциялық стационарлардағы төсек-орын жүктемесі 9,9%, жансақтау бөлімінің төсек-орын жүктемесі 3,0%-ды құрап отыр», -деді Асхан Байдуәлиев.
Қауіпті вирусты жұқтырған 272 науқас өз үйінде ем-дом қабылдауға жіберілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында коронавирус жұқтырушылар көбейіп бара жатқанын хабарлаған болатынбыз.