Атырауда түлектердің тыйым салынған заттарды көптеп алып келуінен ҰБТ үш сағат кеш басталды
Білім сынағы маусымның 8-не дейін өтеді. Оған жауапты Білім министрлігі мағынасыз сауалдарды алып тастап, қосымша 14 мың сауал енгіздік деп отыр. Ал сұрақтар өте құпия ұсталса да, олардың суреті әлеуметтік желілерде жариялануда. Бүгін түлектердің біраз қулығы да әшкере болды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Талапкерлер тестке кірмес бұрын тыңғылықты тексеруден өтті. Бұл «шпаргалка» немесе байланыс құралдарын аудиторияға жібермеудің амалы. Жалпы сынақтың алғашқы күні 28 мың түлек тест тапсырды. Ал маусымның 8-не дейін жалғасатын емтиханға биыл 92 077 оқушы ниет білдіріпті. Олардың 4490-ының «Алтын белгіден» үміті бар. Сондай-ақ министрлік өкілдері ҰБТ 2015 жылы алынып тасталады деген ақпаратты жоққа шығарды. Тек сынақ екі кезеңге бөлініп, Ұлттық тестілеу және кешенді тестілеу жүргізілмекші.
- Білім беру жүйесінің 2020 жылға дейінгі бағдарламасында 2015 жылдан кейін осы мектепті бітіру және қабылдау емтихандарына өзгеріс енгізу қажет деген. Бұл мәселені қазір арнайы комиссия талқылап жатыр. 2016 жылдан бастап енетін болса, нәтижесін айтамыз, -дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев.
Тек ҰБТ биыл да ың-шыңсыз бастала қойған жоқ. Еліміздің барлық өңірлерінде сағат тілі таңғы 9-ды көрсеткенде сынақ басталса, атыраулық талапкерлер бұл уақытта аудиторияға кіре алмады. Олар 3 сағаттан кейін ғана қолдарына қалам алып, жауап беруге кіріскен. Бұның себебі түлектердің өздерімен бірге тыйым салынған заттарды көптеп алып келуінде.
Ал Алматыда сынақ тапсырғандардың ата-аналары сыртта қаумалап, ұл-қыздарының болашағын ойлап алаңдауда. Олар үшін арнайы монитор орнатылып, онлайн режімде барлығы көрсетілді. Қан қысымы көтеріліп, өзін жайсыз сезінгендерге жедел-жәрдем де табылды. Ал 3 жарым сағатта 125 сұрақтың жауабын тапқандарды ата-ана мен ағайын-бауыр қошеметпен қарсы алды.
«Алдағы 7 күнде тек бап қана емес, бақ та қатар шабатын сынақтың тағы 3 легі өтеді. Айта кетерлігі, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру ісіне өзгеріс енгізілмеген. Мектеп бітіруші бұрынғыдай кемінде 50-ден жоғары ұпай жинауы тиіс. Ал Ұлттық университетке түсу үшін бұл көрсеткіш 70-тен асуы қажет.