Атырауда тұрақтандыру қорындағы көкөністер саудаға шығарылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда тұрақтандыру қорындағы көкөністер сатыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар​ қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда тұрақтандыру қорындағы көкөністер саудаға шығарылды

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қорындағы облыс орталығындағы сауда орталықтары арқылы сатылымға шығарылған.

«Жергілікті «Агрофеликс» шаруа қожалығымен арада жасалған келісім-шартқа сәйкес, тұрақтандыру қорының қоймасында 361 тонна картоп,​ 79 тонна пияз, 49 тонна сәбіз, 114 тонна орамжапырақ алынды. Бұл өнімдер «Насиха», «Көктем»,​ «Сарайшық» базарлары арқылы тұтынушыларға ұсынылып отыр» - дейді​ «Атырау» ӘКК» АҚ мемлекеттік жобаларды іске асыру департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлмира Меңдалиева.

Оның айтуынша, биылғы мамырда «Идеал Маркет» ЖШС-мен 400 миллион теңгеге келісім-шарт жасалған. Келісімге сәйкес, аталған серіктестіктің 36 супермаркет желісі арқылы 15 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатылады. Мұндай азық-түліктің құрамына бірінші сұрыпты бидай ұны, нан, макарон өнімдері, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы, майлылығы 5-9 пайыздық ірімшік пен көкөністің бірнеше түрі енгізілген.

Қазір сауда орталықтарында картоптың келісі 94 теңгеден, пияз – 81, сәбіз – 91, орамжапырақ 92 теңгеден сатылып жатыр. Облысы әкімдігі бекіткен ​ тауарлар нарықтан құнынан 10-15 пайызға арзан бағамен ұсынылады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда әлеуметтік маңызды тауарлар нарықтағы бағадан арзанға сатылып жатқанын хабарлаған едік.