Атырауда туристік фирма 50-ден астам адамды алдаған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 50-ден астам адамды алдаған туристік фирмаға қатысты тергеу басталды. Туристік фирма жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, туристік фирмаға қатысты 18 адамнан түскен.

«Зардап шеккендер жәбірленуші ретінде танылып, жауап алынды. Жәбірленушілердің мәліметіне сәйкес, туристік фирманың директоры Алматы қаласында емделуге кеткен. Қазір туристік фирмаға қатысты тергеу басталды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлімінің 3) тармағымен жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат жариялауға жатпайды», -деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Туристік фирмаға 50-ден астам адам алданған. Атыраулық туристер Түркия мен Египетке, Грузияға жолдама сатып алған. Алайда, олар демалысқа ұша алмай қалған. Оларға ақшасы қайтарылмаған. Алданғандардың айтуынша, туристік фирма 100 млн теңге қайтаруы тиіс.

«Менің жұбайыма 26 тамызда туроператор Светлана қоңырау шалып, кеңсеге шұғыл жету қажеттігін айтты. Жұмыстан шығып, кеңсеге барған оған турфирма директоры Марта жолдамалар ақысын төлемегін, оның байланысқа шықпағаны туралы хабарлаған. Осы кезде туристік фирманың кеңсесінде осындай қиындықтарға тап болған басқа адамдар да болды. Біз Whatsapp чатын құрдық. Онда шамамен 30 адам бар. Олардың бәрі балаларымен демалысқа баруды жоспарлаған», -дейді қала тұрғынының бірі А.С.

Ол отбасымен Атыраудан Египетке 31 тамызда ұшып кетпек болған. Жолдаманың құны 1 млн 500 мың теңгеден асады.

Жергілікті туристерді алдаған туристік фирма қызмет көрсету нарығында үш жылдан бері қызмет көрсетеді. Турфирма 2018 жылы құрылған.

«Біз осы турфирмаға жүгінген едік. Өйткені 2021 жылдың қазан айында осы турфирма арқылы жолдама алғанбыз. Сол кезде жақсы демалған болатынбыз. Бұлай болады деп ойлаған жоқпыз. Туристік фирма қызметкерлері «Ештеңе білмейміз. Директор байланысқа шықпады» деді, -дейді тағы бір жәбірленуші.

Қазір туристік фирма жұмысын тоқтатқан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 20 адамды алдаған алаяққа қатысты тергеу жүріп жатқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар