Атырауда тыйым салынған жерде шомылған ер адам Жайыққа батып кетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда тыйым салынған жерде шомылған ер адам Жайық өзеніне батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға бүгін, 7 тамызда болған.

«Жергілікті уақытпен сағат 15:40 шамасында 58 жастағы ер адамның Жайық өзеніне батып кеткені туралы хабар түсті. Ол Атырау қаласына таяу орналасқан Талқайраң ауылының тұсында Жайық өзеніне шомылған. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 1965 жылғы ер азаматтың арнайы жабдықталмаған, суға түсуге тыйым салынған жерде суға түскені анықталды. Құтқарушылар су асты іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, сағат 17:27 шамасында ер адамның мүрдесін судан шығарды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Су астынан іздестіру жұмысына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 3 құтқарушы, 1 қайық тартылған.

«Биыл жыл басынан бері Атырау облысының су айдындарында 11 адамға суға батып кетті. Оның ішінде кәмелетке толмаған 3 бала бар. Құтқарушылар су айдындарынан 6 адамды құтқарып қалды. Құтқарылғандардың біреуі – бала», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Төтеншеліктер Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарына өзен-көлдердің рұқсат етілмеген жерінде суға шомылуға тыйым салынғанын ескертіп отыр.

«Әсіресе, балаларды су айдындары маңында қараусыз қалдыруға болмайды. Ал ересек тұрғындар алкогольдік ішімдік ішіп, суға түспегені жөн. Құтқарушылардың ескертуін елемеу, суға шомылу ережесіне немқұрайлы қарау өкінішке ұрындыруы мүмкін», - деп ескерту жасады департамент мамандары.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда екі ай бұрын Жайыққа батқан жасөспірімді іздеу әлі жалғасып жатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар