Атырауда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеудің басталуын ауқымды атап өтті (ФОТО)

«Соғыс ардагерлерінің ұсынысымен біз Жеңіс күні аталып өтілетін 2015 жылғы 9 мамырға дейінгі күндерді майдангерлерді құрметтеуге арнауға шешім қабылдадық. Сондай-ақ сол соғыста қазақстандықтар, оның ішінде Атырау (Гурьев) облысы тұрғындарының Кеңес халқының фашизмге қарсы күрестегі ортақ жеңісіндегі рөлін ашып көрсетуге, патриотизмді насихаттауға баса көңіл бөлмекпіз», - деп мәлім етті облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов соғыс ардагерлерімен алғашқы кездесуде.
Атырауда осы кездесу үшін ретро-парк жасалды. Соғыс ардагерлері мен еңбек майданына қатысушыларды жастар соғысқа дейінгі әуендерді орындаған оркестрмен қарсы алды. Қызыл галстук таққан балалар әр ардагерді құттықтап, қошемет көрсетті. Сахнада би биленіп, соғыстың басталғаны туралы Левитанның дауысы естілді. Сахнаға шыққан әртістер тұрғындардың майданға аттанып бара жатқан жақындарын шығарып салу сәттерін бейнеледі.
Атырау облысынан соғысқа барлығы 42 мың адам аттанды, олардың 13 мыңы елге оралмады. Бүгінде облыста соғыстың көзін көрген небәрі 87 ардагер қалды.
«Мұны көрген сәтте өте толқыдым. Майданға аттанғандағы жастық шағым есіме түсті. Жеңістің 70 жылдығына әзірліктің бір жыл бұрын басталуы жақсы идея болды. Бұл жастарға аталарының ерлігі жөнінде әңгімелеп, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік жөнінде айтудың жақсы мүмкіндігі», - деді Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Смыслов.
Мұндай кездесулер 9 мамырға дейін әр айдың соңғы сәрсенбісінде өткізіліп тұратын болады. Олардың әрқайсысы Атырау облысынан соғысқа аттанған 10 Кеңес Одағы Батырларына арналмақ.