04:45, 17 Ақпан 2016 | GMT +5
Атырауда үш джипті балықпен лық толтырып алған азаматтар ұсталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда 3 бірдей Лэнд Крузердің салоны мен жүксалғышын балыққа толтырып, көтерме бағамен сатуға апара жатқандар ұсталды. Сазандар Каспийде заңсыз жолмен ауланған екен.

Үш көлікке лық тиелген сазандардың жалпы салмағы 4 тонна. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 3 көлік қалаға балықшылығымен аты шыққан Жанбай ауылынан түнделетіп, жолсызбен жетіпті. Көлік иелері - 41, 27 және 25 жастағы азаматтар. Үшеуі де жұмыссыз. Олар жайлы, балық сатқан ауыл адамдарының өздері полицияға ақпарат берген көрінеді. Қазір үшеуі де қолхатпен бостандыққа жіберілді. Ал балшық пен балықтың қан-жынына әбден былғанған көліктері айып тұрағына қойылды. Жалпы құны 3 миллион теңгеге жуықтайтын сазандар балық аулап, өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың біріне өткізілетін болды, деп хабарлайды ktk.kz.