Атырауда үш күнде 570 адам коронавирус жұқтырды

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 8 шілдеде 154, 9 шілдеде 160, ал, кеше 10 шілдеде 256 адам коронавиус инфекциясына шалдыққан.
«Соңғы тәулікте, 10 шілдеде Атырау қаласында қауіпті вирус жұқтырудың 201 жағдайы тіркелді. Теңіз кен орнында 12, Қызылқоға ауданында 13, Индерде – 12, Жылыойда – 8, Махамбетте – 6, Құрманғазы ауданында 4 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі табылып отыр» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, қазір инфекциялық стационарларда 771 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде модульдік ауруханада 186, аудандардағы стационарларда 180, №2 облыстық ауруханада 148, кардиологиялық орталықта 100 пациент емделуде.
Сондай-ақ, фтизиопульманологиялық орталықта 96, Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 61 науқас оқшауланған. Ал, үй жағдайында 708 адам ем алып жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 160 адам қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.