09:41, 09 Қараша 2013 | GMT +5
Атырауда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды
АТЫРАУ. 9 қараша. ҚазАқпарат - Атырауда Орал-Каспий балық шаруашылығы облысаралық инспекциясының инспекторы басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды.

Қылмыстық топты облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері құрықтады. Қазіргі уақытта 5 адам - инспектор және қала маңы кенттерінің төрт тұрғыны тұтқындалып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Ұстау кезінде олардан бекіре балық тұқымы, навигациялық құралдар және балық аулау жабдықтары тәркіленді. Тергеушілер тұжырымы бойынша, Орал-Каспий бассейні айдынын заңсыз балық аулаушылардан күзетуге міндетті инспектор ұзақ уақыт бойы өзі ғана заңсыз балық аулап қоймай, ұйымдасқан қылмыстық топты бүркемелеп келген.
Қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адамдарға мүлкін тәркілеумен 10 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған ҚР ҚК 235-бабы бойынша айып тағылды.