Атырауда жарылыс жасаған топ 2009 жылдың жазынан бері 5 жарылғыш қондырғы жасаған - ҚР Бас прокуратурасы
«2009 жылдың жазынан бері қылмыстық топ 5 жарылғыш қондырғы жасаған. Оған қажетті құрамды (электролит, ацетон, гидроперит, қалайы ұнтағы және селитра) Атырау қаласындағы дәріханалар мен базарлардан алған. Жасалған қондырғыны адам тұрмайтын жерлерде сынаған», - деді ресми өкіл.
Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың қыркүйегінде осы топ ҚР азаматтары Ринат Хабидолла, Орынбасар Мұнатов және Дамир Зналинмен ел аумағында жиһад бастау мақсатында құрылған «Джунд-аль-Халифат» (Халифат жауынгерлері) атты лаңкестік ұйымының мүшелерімен байланыс орнатқан. «Аталған тұлғалар қазіргі уақытта ауған-пәкістан шекарасында бой тасалап, халықаралық лаңкестер жағында ұрыс қимылдарына қатысып жүргендіктерін атап өту қажет», - деді ол.
Айта кетейік, осы ұйымның көшбасшысы ҚР азаматы Ринат Хабидолла ағымдағы жылдың 25 қазаны мен 1 қарашасында интернетте Қазақстанға бағыттап қорқыту мәлімдемесін таратып, кейін Атыраудағы лаңкестіктерге жауапкершілікті мойнына алған болатын.