Атырауда жарылыс жасаған топ мүшелері шетелге жиһадқа баруды да ойластырған - ҚР Бас прокуратурасы

«Тергеу көрсеткендей, лаңкестік топ 2009 жылы джихадтық идеялар, соның ішінде Солтүстік Кавказда қайтыс болған экстремистік үгіттеуші Саид Бурятский идеяларының әсерімен құрылғандығы анықталды. Топ мүшелері шетелге жиһадқа баруды да ойластырған. Құқық қорғау органдарына қарсы әрекет ету мақсатында жиһадизмді ұстанушыларды тұтқындау мүмкіндігіне жауап ретінде олар миналық жарылғыш істерін оқып үйренген», - деді ол.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 31 қазанында шамамен таңғы сағат 9-дарда Атырау қаласындағы облыс әкімдігі мен прокуратура ғимараттарының жанында екі жарылыс оқиғасы орын алды. Прокуратура ғимаратының жанында болған жарылыста бір адам жарылып, көз жұмды. Ол 1987 жылы дүниеге келген Атырау қаласының тұрғыны Сұлтанғалиев Бауыржан Қанатбекұлы болып шыққан еді.
Жарылыс фактілері бойынша «Лаңкестік» бабымен екі қылмыстық іс қозғалып, оны тергеу үшін жедел-тергеу тобы құрылды. 2-ші және 4-ші қараша күндері жарылысқа қатысты деген күдікпен Усабеков Мейрамбек Албекұлы, Қалқаманов Мирхат Исатайұлы және Сагенов Әлімжан Болатбекұлы ұсталды. Олар лаңкестік жасағандықтарын толық мойындады.
«Усабеков көрсеткен мекен-жайдан тағы екі жарылғыш қондырғы табылып, олар саперлардың көмегімен қажетті қауіпсіздік шараларын қолдана отырып залалсыздандырылды», - деді ресми өкіл.