Атырауда жасөспірімдер 18 үйді тонады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда ұсталған қарақшылар тобы қала маңындағы шағын аудандардағы 18 үйді тонаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Атырауда төрт адамнан құралған топ наурыздан қыркүйекке дейін үйлерді тонап келген. Топқа кәмелет жасына толмаған үш жасөспірім мен бір жігіт кірген. Олар қаланың түрлі шағын аудандарындағы жеке үйлер мен коттедждерді тонаған. Қала маңындағы Мирас, Жұлдыз, Көктем, Ақжар шағын аудандарындағы үйлердегі заттарды қолды еткен. Негізінен үйдегі керек-жарақтарды, тұрмыстық техникаларды, ақшаларды ұрлаған. Жарты жылдың ішінде қаскүнемдер 18 рет ұрлық жасаған», - деп хабарлады Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Барлық оқиғалар бойынша ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қылмыстық топтың 20 жастағы қатысушысы уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.