Атырауда жастардың халықаралық форумы өтті

«Барлығыңызды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан форум жұмысының басталуымен құттықтаймын. Жастарды қолдау біздің басты ұстанымымыз, негізгі саясатымыз. Облыс әкімі жанында Жастар кеңесі жұмыс істейді, ол облыстағы барлық шаралардың ұйытқысы десе де болады. Бүгінде облыста жастардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайлар жасалып отыр. Барлық деңгейдегі оқу орындарында жастар саясаты оң бағытта жұмыс жасап келеді. Облыста спорттың 19 түрінен секциялар жастарға тегін қызмет көрсетеді, жұмысқа орналастыру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске асыру бағытында облыстық бюджеттен 120 млн теңге бөлініп отыр. «Жас отау» бағдарламасы аясында 90 пәтерлік үй салынуда., - деді ол.
Форумда Астрахан облысының жастар ісі жөніндегі агенттік басшысының орынбасары Алексей Хаюров өз сөзін қазақ халқының қонақжайлығынан бастады. Ол Астраханда да бір қауым қазақ диаспорасы барын, олардың дәстүрлерін көріп өскенін, еларалық байланыс тарихи жағынан іргелес екі халықтың арасында әуелден барын айтты. Құрманғазы бабамыздың кесенесінің де облыс аумағында орын тебуі халықтар достығының куәсі іспетті. Жуырда Құрманғазы Сағырбаевтың 190 жылдығы аталып өтетіндігін де атап өтті ол.
Самара облысы жастар үкіметінің ақпараттық технология және байланыс министрі Николай Анисимов те жастар ісіндегі тәжірибелерімен бөлісе келе, әр ел жастарының басын қосқан бұл форум бірігу бағытында белгілі бір қорытындыға келетінін мәлімдеді.
Ал, «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықбек Тінәлиев Атырауда жастардың жан-жақты дамуына жағдай барын, ФОК, Мұз айдыны, бассейндер, спорт секциялары, қоғамдық ұйымдар жұмыстары жастардың бос жүрмеуіне, қоғамдық істерге белсене араласуына, қоғамның барлық саласында өздерін еркін сезінуіне, соның ішінде жастар арасынан депутаттардың сайлануы олардың проблемаларын тереңдеп зерттеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонан кейін форумға қатысушылар этникалық даму, дін, ұлттық дәстүрлер сабақтастығы, т.б. тақырыптарда өздерін толғандырған сұрақтар қойып, лайықты жауаптар алды. Форум аясында «Шекаралас елдердегі жастар ұйымдарын мемлекеттік қолдау», «Мемлекеттік жастар саясатын арттырудағы жастар ұйымдарының рөлі», «Жастар және жаңа ақпараттық кеңістік» тақырыптары бойынша секциялық жұмыстар өтті.
Шара М.Өтемісұлы атындағы драма театрда өткен концерттік бағдарламаға ұласты.