Атырауда Жайыққа батқан 7 жасар баланы іздеу қайта жалғасты

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, іздеу жұмыстары бүгін, 15 тамызда жергілікті уақытпен сағат 7:30-да қайта басталды.
«Кеше, 14 тамызда сағат 21:00 шамасында Атырау қаласының маңындағы Қызылбалық ауылында Жайық өзенінің жағасында тұрған қайықтардың үстінде ойнап жүрген 2015 жылғы бала суға құлап кеткен. Оны іздестіру сол күні сағат 22:25-те басталып, 15 тамызда сағат 00:27-де тоқтатылған еді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Жайық өзеніне батып кеткен баланы іздеуге департаменттің 4 сүңгуірі мен 1 техникасы тартылған.
Әзірге суға батып кеткен баланы іздеу нәтиже берген жоқ.
Белгілі болғандай, биылғы жыл басынан бері өңірдегі өзен-көлдерде 17 адам, оның ішінде 6 жасөспірім суға батып кеткен. Оның ішінде Атырау қаласында 2, Махамбет ауданында – 6, Құрманғазыда – 3, Жылыойда – 2, Қызылқоғада – 2, Индер ауданында – 2 адам.
«Биыл суға түсу маусымы басталған 1 маусымынан бері 11 адам, оның ішінде 5 бала қаза тапты. Департаментке қарасты жедел құтқару жасағының құтқарушылары суға батқан 6 адамды құтқарып қалды. Оның ішінде 3 бала бар. Су айдындарында адам өлімін болдырмау мақсатында төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, полицейлермен, Атырау қалалық және аудандық әкімдіктердің өкілдерімен бірлесіп күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Профилактикалық іс-шараларға 273 адам мен 44 автокөлік, жүзу құралдары тартылып отыр», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайықтың жағасында тұрған қайықта ойнап жүрген бала суға батып кеткенін хабарлаған едік.