Атырауда жоғалған 16 жастағы қыз туралы жаңа мәліметтер белгілі болды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бес күн бұрын жоғалған 16 жастағы қызды іздеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жасөспірім 6 сәуірде үйінен шығып кеткен. Содан бері үйіне оралған жоқ.

Құтқарушылар 7 сәуірден бері жоғалған қызды Жайық өзенінен іздеп жатыр. Оны іздестіруге полицейлер, волонтерлер мен жергілікті тұрғындар қосылған.

Жергілікті қоғам белсендісі Сандуғаш Кукенова әлеуметтік желідегі парақшасында кәмелетке толмаған қыз көпірден секіргені туралы ақпарат таратты.

«Соңғы бейнебақылау камерасынан Әсемайдың тек көпірге көтеріліп бара жатқаны көрінді. Сол жағадағы бір тұрғын үйдің камерасын қарау үмітіміз болды. Алайда үй иесі 3 күн үйінде болмаған еді. Үй иесі аңшылыққа кеткен екен. Кейін оның келгенін білдік. Әсемайдың әкесі сол үйдің камерасын қарап шықты. Өкінішке орай камерадан Әсемай қызымыздың көпірден секіріп кеткені көрінген», - дейді Сандуғаш Кукенова.

Ал облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 16 жастағы жасөспірімді іздеу жалғасып жатыр.

«Жоғалған қыз іздестіріліп жатыр. Адамдар көпірден секіріп кеткенін көріп, өлгенін айтып жатыр. Бірақ, оның мүрдесі әлі табылған жоқ», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Атырауда 16 жастағы қыз төрт күннен бері табылмай жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар