Атырауда жоғарғы қабаттан құлаған 16 жасар бала көз жұмды
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше, 2 наурызда болған.
«Департаменттің кезекші бөліміне кеше жергілікті уақытпен сағат 23:30 шамасында 2007 жылы туған жасөспірімнің жоғарғы қабаттан құлағаны туралы хабар түсті. Осы дерекке байланысты полиция қызметкерлері оқыс оқиғаның Атырау қаласындағы «Алмагүл» шағын ауданында болғанын анықтады. Жасөспірім осындағы көпқабатты үйлердің бірінде жоғарғы қабаттан құлаған», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір полиция қызметкерлері аталған дерекке байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 8 жасар баланы бұралқы ит талап тастағанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Сергей Хванның айтуынша, былтыр көшеде жүрген бұралқы иттен 462 бала зардап шеккен.
Ал, биылғы жылдың басынан бері аурухананың дәрігерлеріне ит қапқан 32 бала жүгінген. Зардап шеккен балалар әр түрлі дене жарақатын алған.
Сондай-ақ Атырау облысында жасөспірімнің өліміне себепкер болған қарт жүргізуші сотталғанын жазған едік.
Жылыой аудандық сотында жасөспірімді қағып, мерт қылған 73 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен айыпталған.
Жүргізуші сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Аталған құжаттың 63-бабының негізінде 2 жыл 6 ай мерзімге шартты жазаға сотталды.
Сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілген.