Атырауда жұбайы мен қызына 1,1 млн теңгені заңсыз аударған мәдениет үйінің меңгерушісі сотталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахинның айтуынша, мәдениет үйінің меңгерушісі 3,5 жылға сотталған.
«Жылыой ауданының Қосшағыл ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі өзінің қызметтік жағдайын пайдаланумен ұштасқан қылмыстық ойын іске асырған. Ол жұбайы мен қызын ресми жұмысқа орналастырған. Сөйтіп, еңбекақы төлеуге бөлінген 1,1 млн теңгеден астам мөлшерде залал келтірді. Жылыой аудандық сотының үкімімен мәдениет үйінің меңгерушісі сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазасын өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды», -деп хабарлады Нұрлан Жахин.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 6 млн теңгені жымқырған мектеп директоры сотталғанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау қаласындағы М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің директоры 2018 жылғы қыркүйек пен 2021 жылғы шілде айлары аралығында қызметтен босаған және жұмыс жасап жүрген мүғалімдерге табель толтырған. Сотталушының іс-әрекетінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері және мектептің қалыпты жұмысы бұзылып, 6 099 904 теңге көлемінде мемлекеттің заңмен қорғалған мүддесіне елеулі түрде зиян келген.
Сот сотталушыға процестік келісімге сай, мемлекеттік қызметте және ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.