Атырауда жұмысшы құқығын бұзған 21 кәсіпорын 4 млн теңге айыппұл төледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында үш айда еңбек заңнамасын бұзған 21 кәсіпорынға 4 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Атырау облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, биылғы үш айда азаматтардан 487 өтініш түскен. Еңбек инспекторлары 369 өтінішке байланысты тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде 253 азаматтың еңбек қатынастары бойынша конституциялық құқығы қорғалды.

«Биылғы жыл басынан басқармада тіркелген шағымдар мен профилактикалық бақылау негізінде еңбек инспекторлары 53 тексеру жүргізді. Оның қорытындысында еңбек заңнамасын бұзудың 52 дерегі анықталды. Соған сәйкес заңсыздықтарды жою үшін 25 нұсқама беріліп, 21 әкімшілік хаттама толтырылды. Заң бұзған 21 мекемеге 4 млн теңге айыппұл салынды», - деп хабарлады Игілік Әубәкіров.

Оның дерегіне сүйенсек, облыстағы өндірістік кәсіпорындарда 9 жазатайым оқиға тіркелген. Соның салдарынан 8 жұмысшы ауыр дене жарақатын алған.

«Өндірістегі 4 жазатайым оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болғаны дәлелденді. Ал 2 оқиғаға жұмысшының өзі, 1 оқиғаға жұмыс беруші де, жұмысшы да кінәлі екені анықталды. Өндірістік жазатайым оқиғалар бойынша жүргізілген арнайы тергеу құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды», -деп мәлім етті Игілік Әубәкіров.

Басқарма мамандары 395 адамға құқықтық мақсатта түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 337 жұмысшының 59 млн теңге жалақы берешегі өтелгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар