Атырауда жыл басынан бері жүк көліктерінің иелеріне 46 млн теңге айыппұл салынған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері жүк көліктерінің иелеріне 46 млн теңге айыппұл салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері Мейірхан Бекесовтің айтуынша, жол сапасының нашарлауына ауыр жүк көліктерінің белгіленген мөлшерден әлдеқайда артық жүк тасымалдауы әсер етеді.

Мәселен, «Атырау-Индер» жолымен ауыр жүк көліктері жиі өтеді. Өйткені, Индер ауданының аумағынан алынатын құрылыс материалдары Атырау қаласына осы жолмен тасымалданады.

«Статистикалық талдау Атырау облысында асфальттың 35 пайызы жүк көліктеріндегі ауыр салмақтың салдарынан тез тозатынын көрсетіп отыр. Сол себептен, жол сапасын сақтау үшін жылдың әр мезгілінде ауыр жүк көліктеріне бақылау іс-шаралары күшейтіледі. Ережеге сәйкес ауыр жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан асқан жағдайда айыппұл салынады», -дейді Мейірхан Бекесов.

Жақында филиал мамандары Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдерімен бірге жүк көліктеріне тексеру жүргізді. Тексеру кезінде көлік бақылау инспекторлары бірнеше жүк көлігін тоқтатып, арнайы құрылғымен салмағын өлшеді. Құм тиеген кейбір жүк көліктерінің салмағы шекті мөлшерден 3-5 тоннаға асқаны анықталды.

«Көлік иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабының 6-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Жыл басынан бері жол бойында заң бұзған 62 мыңнан астам көлік иелеріне салынған айыппұл 46 млн теңгені құрады», -дейді Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің маманы Талғат Жантеміров.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында экологияны бүлдіргендер 270 млн теңге айыппұл төлейтінін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар