Атырауда жыл соңына дейін 72 көшеге диодты жарық шам орнатылады

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асан Нұрғалиевтің мәліметінше, Атырау қаласындағы 675 көшеде 25 874 жарық шамы орнатылған.
«Жыл соңына дейін облыс орталығындағы - 72 көшеге 1 848, ал, 2023 жылы 298 көшеге 7 163 жаңа диодты жарық шамын орнату көзделіп отыр. Махамбет ауданының Ақтоғай, Есбол, Еңбекшіл, Ортақшыл ауылдарына, Махамбет және Сарытоғай ауылындағы жаңа шағын ауданға көше жарығын жүргізу жоспарланды. Қазір бұл жобалардың жобалық-сметалық құжаты жасақталып жатыр», -деп хабарлады Асан Нұрғалиев.
Оның айтуынша, келесі жылы Индер ауданының Есбол ауылында 1 005 жарық шамын орнату жобасы аяқталады. Ал, Көктоғай ауылында 197, Бөденеде – 58, Өрлік ауылына кіретін жолға 66 жарық шамын орнату үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталған.
«Биыл Қызылқоға ауданының Сағыз ауылындағы көшелерге 280 жарық шамы қондырылды. Тасшағыл ауылына кіретін жолға 30 электр бағанасы мен жарық шамы орнатылып, ұзындығы 800 метр электр желісі пайдалануға берілді», - деп мәлім етті Асан Нұрғалиев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жылу желілерінің 68 пайызы тозып тұрғанын хабарлаған болатынбыз.
Мұрағаттық фото