Атырауда жылу желісінің жартысынан астамы тозған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 567,7 шақырым жылу желісі бар. Қазір аталған желінің 58,7 пайызы тозған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапиннің дерегіне сүйенсек, облыстағы желілердің жартысынан астамы тозған.

«Атырау облысының аумағында 567,7 шақырым жылу жүйесі бар. Жылу желілерінің тозу деңгейі 58,7 пайызды құрап отыр. Ал, 14 352 шақырым электр желілерінің тозу деңгейі 40 пайызға жеткен. Сумен жабдықтайтын 4 263 шақырым құбырдың 29 пайызы тозған. Аталған мәселені шешу үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ұсынысы арқылы инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жұмыстар жүргізіліп жатыр», -деп мәлім етті Серікқали Қанапин.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Әлібек Төлептің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде «Тарифті инвестицияға ауырбастау» жобасы іске асырылады.

«Бұл жобаны іске асырудың негізгі мақсаты – өңірдегі электр қуатымен қамтамасыз ету және су құбыры желілерінің, жылу коммуникациясының тозу деңгейін төмендетуге қол жеткізу. Өткен жылдың желтоқсан айында аталған тапсырма бойынша жаңа заңға қол қойылып, күшіне енді. Аталған заң аясында бірнеше проблеманы оң шешу көзделген. Ең бастысы – өңірдегі монополист компаниялардың құзырындағы желілердің тозу деңгейін төмендету. Бұл үшін алдымен монополист компаниялардың инвестициялық бағдарламаларын ұлғайту керек. Желілердің ескіруі – бір күнде пайда болған мәселе емес. Ал, оны төмендету де бір жылда аяқталмайтыны анық. Сондықтан, қазіргі мақсатымыз – монополист компанияларға тиесілі желілердің тозу деңгейін 15%-ға дейін төмендету. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен іске асатын болады», -дейді Әлібек Төлеп.

Еске сала кетелік, Атырауда апат жойылып, барлық үйге жылу берілгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram