Атыраудағы газ-химия кешенінің мұржасында алау жанды
Бұл туралы бүгін, 3 сәуірде Іnstagram әлеуметтік желісінде видео тарады.
«KPI inc» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім еткендей, полипропилен өндірісі бойынша интеграцияланған газ-химия кешеніндегі электрмен жабдықтау желісінде ақау болған.
Осыған байланысты өндіріс жұмысы ішінара тоқтатылған.
«Бүгін, 3 сәуірде сағат 10:59-да «KEGOC» АҚ-ның 220 кВ Л-2025 әуе желісінің қысқа тұйықталуына байланысты «KUS» ЖШС-не қарасты генерациялаушы қондырғылардың жұмысы авариялық жағдайда тоқтатылды. Желідегі ақау интеграцияланған газ-химия кешеніндегі электр қабылдағыштардың жұмысын тоқтатуына әкеліп соқтырды. Бұл факт интеграцияланған газ-химия кешенінің кезекші персоналымен жедел реттеледі. Алайда, сағат 11:11-де «KEGOC» АҚ-ның жүйелік операторы тұтынушыға хабарламай, бүлінген 220 кВ Л-2025 әуе желісін қайта қосты. Осының салдарынан тұтынушылар электр энергиясынан авариялық жағдайда ажыратылды. Сондай-ақ, технологиялық процес бұзылып, интеграцияланған газ-химия кешеніндегі пропанды дегидрлеу өндірісінің жұмысы авариялық жағдайда тоқтатылды», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі. .
Өндірісті автоматты режимде қауіпсіз тоқтатуды қамтамасыз ету мақсатында жобаға сәйкес барлық технологиялық операция сақталған.
Ал, пропанды дегидрлеу қондырғысынан алау жағылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында газ-химия кешенінің мұржасында пропан алауы жанғанын жазған болатынбыз.
«Әлеуметтік желіде «Кazakhstan Рetrochemical Іnductries Inc.» ЖШС аумағындағы алауда пропанның жанған суреті жарияланды. Бұған тұрғындар алаңдаушылық білдіріп жатыр. Шындығында, күрделі жабдықтың бірі – пропилен компрессорындағы реттеу жұмыстарына байланысты кеше, 30 қарашада жергілікті уақытпен сағат 14:45-те қысқа мерзімдік бақылаудағы пропилен алауы жағылды. Полипропилен өндірілетін зауытта «Теңіз» кен орнынан концентрациясы 99,9%-ға дейін тазартылып келетін пропан қолданылады. Пропанның құрамында күкірт пен күкіртті сутегі жоқ. Яғни, пропан жанған кезде ауаға көмірқышқыл газы (CO2) мен бу ғана бөлінеді. Сондықтан қоршаған ортаға зиян келмеді. Қазіргі уақытта пропилен жанып жатқан жоқ», -деп хабарлаған еді «КРІ» ЖШС баспасөз қызметі.