Атыраудағы кешен құрылысына «Шеврон» компаниясының қатысуына байланысты нақты жауап 1 желтоқсанға дейін беріледі

«Полипропилен өндірісіне (Атырау) тоқталатын болсақ, құжатнамалар әзірленді, тендер жүргізілді. Ең жақсы ұсынысты қытайлық мердігер жасады, яғни CNNC ұлттық компаниясы. Алайда, соңғы 2-3 айда «Шеврон» қызығушылық танытып, осы жобаның қатысушысы қатарына қосылуды ұсынды. Олар бұл жобаның толық сараптамасын жүргізді және оның нәтижесі оң бағаланды. Бірақ та олар қойып отырған жалғыз талап бар, яғни осы жобаға ірі халықаралық компанияның оператор болуы қажеттін айтты»,-деді Ө. Шөкеев.
Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда операторлыққа байланысты Сингапурда индонезиялық компаниямен келіссөздер жүргізілуде. Келіссөз жүргізуші топ келгеннен кейін осы мәселе шешіледі.
«Егер де бұл оператор келісімін берсе, онда «Шеврон» қатысады. Ал егер келіспесе, «Шеврон» қатыспайды, бірақ осы компания инфрақұрылымға тартылады. Сол кезде біз қытайлықтармен ары қарай жүзеге асыруымыз керек», - деді «Самұрық-Қазына» қоры басшысы.
ҚР Премьер-Министрі осы мәселе бойынша нақты жауап 1 желтоқсанға дейін болуы керектігін тапсырды.