Атыраудағы жарылыстарға «Джунд-аль-Халифат» ұйымының қатысы бары тергеу барысында анықталды - ҚР бас прокуратурасы
«Атыраудағы жарылыстарға «Джунд-аль-Халифат» (Халифат жауынгерлері) ұйымының қатысы барын тергеудің растайтынын хабарлаймыз. Ұсталғандардың берген жауабы бойынша, Қазақстан аумағында, соның ішінде Атырау қаласында лаңкестік актілер жасау туралы нұсқаулар дәл осы ұйым мүшелерінен алынған», - деді ол.
Оның атап өтуінше, ағымдағы жылғы қазанның соңында қылмыстық топ құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерін қорқыту акцияларын өткізу жоспарын жүзеге асыра бастаған. Осы мақсатта облыстық әкімдік пен прокуратура маңында жарылыстар ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. Айта кетерлігі, ол жарылыстарды ұйымдастыру жоспарында адам шығындары болуы қарастырмаған. Осы жоспардың негізінде 28 және 30 қазанда Сұлтанғалиевтің пәтерінде екі жарылғыш қондырғы жасалған. Қондырғыларды орнату кезінде көзге түспеу мақсатында олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жұмысшыларының киімдерін сатып алған. 30 қазан күні кешкісін Сагенов пен Усабеков жарылыс жасалуы мүмкін орындарға барлау жасаған.
Сөйтіп, 2011 жылғы 31 қазан күні сағат 9-дар шамасында алдын-ала бөлінген рөлдері бойынша Усабеков облыс әкімшілігінің жанындағы қоқыс контейнеріне кейіннен іске асырылған бомбаны салған. Ал Сұлтанғалиев көше сыпырушы болып, жарылғыш қондырғыны прокуратура ғимаратына апаруға тиісті болатын.
«Өздеріңізге белгілі, аталған акцияны жүзеге асыру барысында, прокуратура ғимаратына бара жатқанда қолдан жасалған жарылғыш қондырғыны пайдалану қауіпсіздігін сақтамауы салдарынан Сұлтанғалиевтің өзі байқаусызда жарылып, оқиға болған жерде қайтыс болды. Осылайша, қазіргі уақытта 31 қазан күні Атырау қаласында орын алған лаңкестік актілер толық ашылды, қылмыстық топтың барлық 4 мүшесі анықталып, залалсыздандырылды», - деді ресми өкіл.
«Джунд-аль-Халифат» лаңкестік ұйымына қатысты жайттарға тоқталған Н.Сүйіндіковтің сөзіне қарағанда, құқық қорғау және арнайы органдар оның мүшелерін заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту әрі олардың қылмыстық әрекеттеріне тосқауыл қою жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауда. «Тергеу жұмыстары жалғасуда. Осы оқиғаның тергеу мүддесіне кесірін тигізбестен жария етуге болатын жаңа мән-жайлары анықталған жағдайда олар көпшілік назарына дереу жеткізілетін болады», - деді ол.