Атыраудан 30 шақырым жерде 6 гектар қамыс жанып жатыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықта 6 гектар қамыс жанып жатыр. Кеше кеште басталған өрттен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, қамыс өрті кеше, 14 қыркүйек күні сағат 20:40-та тұтанған.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Кеңөзек ауылдық округіне қарасты Алғабас кентінен 15 шақырым кашықтықта шамамен 4 гектар аумақта қамыс өртенді. Қамыс өртін сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер, 2 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 3 қызметкер, 1 техника, Кеңөзек округіндегі шаруа қожалығынан 3 қызметкер, 3 трактор жұмылдырылды. Өрт бақылауға алынды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Ал, бүгін, 15 қыркүйекте таңертең департаменттің 2 қызметкері, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 15 адам 4 техникамен қамыс жанған аумақта кезекшілік атқаруға шыққан.
«Бүгін жергілікті уақытпен сағат 13:00-дегі мәлімеке сәйкес, Кеңөзек ауылдық округіндегі Алғабас кентінен Каспий теңізіне қарай 30 шақырым қашықта шамамен 6 гектар аумақта қамыс бықсып жатыр. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл қазір облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2 қызметкері 1 ТРЭКОЛ көлігімен, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 30 қызметкер 10 техника қамыс өртінің өршімеуін қарауылдауға жұмылдырылды», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда құрғақ шөптің өртенуіне трактордан шыққан ұшқын себеп болғанын хабарлаған едік.