Атыраудан Ресейге қатынайтын жол құрылысынан 61 ақау табылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы жолдарда 300-ден астам ақау анықталды. Ал, Ресейге қатынайтын жол құрылысынан 61 ақау табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Нұрлан Жантуриннің мәліметінше, жыл басынан бері 74 жолға 848 рет тексеру жүргізілген.

«Біздің филиалдың инженерлері жолдарды тексеру кезінде 302 ақауды анықтады. Оның ішінде 65 өрескел ақау бар. Ал, жол құрылысына пайдаланылған материалдардан 1 470 сынама алынып, филиал зертханасында тексерілді. Нәтижесінде 218 сынаманың стандарттарға сай еместігі белгілі болды. Өрескел ақаудың бірі қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» республикалық жолында анықталып отыр», -дейді Нұрлан Жантурин.

Оның айтуынша, Атыраудан Ресей шекарасына дейін қатынайтын жолдың құрылысы 185 рет тексеріліп, 61 ақау анықталған. Оның ішінде 17 ақау әлі жойылмай отыр.

«Жобаға сәйкес ұзындығы 2 шақырым жол негізінің жоғары қабатына 5-40 фракциялы қара қиыршықтас төселуі тиіс. Алайда, бұл жерге 0-40 фракциялы қара қиыршықтас төселген. Керн алу кезінде жол жабындысының төменгі қабатына төселген асфальтбетонның қалыңдығы талапқа сәйкес келмейтіні, асфальтбетон төсеуде жіктерінің тегістігі сақталмағаны анықталды», - деп мәлім етті Нұрлан Жантурин.

Аталған жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдардан алынған 523 сынамаға сараптама жасалған. Нәтижесінде 74 сынаманың нормативтік құжатқа сай еместігі белгілі болған. Мәселен, қара қиыршықтастың, қиыршықтастың түйіршік құрамы, керн кескіндерінің тығыздығы, суға қанығу коэффициенті нормаға сай болмай шыққан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері жүк көліктерінің иелеріне 46 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар