Атыраудан Ресейге қатынайтын жолдың екі учаскесінде құрылыс жұмысы аяқталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудан Ресейге қатынайтын жолдың екі учаскесінде құрылыс жұмысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің мәліметінше, республикалық маңызы бар Атырау-Астархань тас жолының құрылыс материалдарынан 155 сынама алынған.

Бұл жолды қайта жаңғырту 6 учаскеге бөлінген. Екі учаскеде жол құрылыс аяқталған. Жолдың 616-833 шақырым аралығығындағы 4 учаскеде жұмыс жалғасып жатыр.

Осы кезге дейін «Lankaran/Ажолқұрылыс», «Todini Constuzioni Generali S.p.A,», «Ant Insaat/Автожолқұрылыс» және «СП СМС/ Todini Constuzioni Generali S.p.A» мердігер мекемелері 80 шақырым жолдың төменгі қабатына асфальтбетон төсеген.

«Биыл 4 учаскеде жол негізінің жоғарғы қабатына қиыршықтас, жол жабындысының төменгі қабатына ірі-түйірлі ыстық асфальтбетон төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың бұл аралығының төменгі қабатын биыл толықтай аяқтау жоспарланған. Ал, 853-893 шақырым аралығын қамтитын 6-учаскеге де асфальтбетон төселді. Қазір жол жиегіндегі аялдамалар мен жол белгілерін, демалыс алаңдарын салу басталды. Құрманғазы елді мекенінің тұсында жол учаскесін пайдалану ғимаратының құрылысы қолға алынды. Бұл нысанды жолды күтіп ұстау жұмыстарымен айналысатын мекеме қызметкерлері пайдаланады. Үш жыл бұрын пайдалануға берілген 833-853 шақырым аралығын қамтитын 5-учаске кепілдік мерзімінде тұр», - деді Нұрлан Жантурин.

Мамандардың айтуынша, былтыр бұл жолдағы кешеуілдеуіне материалдардың тапшылығы әсер еткен. Биыл бұл мәселе шешімін тапқан.

Филиал мамандары қыс бойы осындағы жолдың құрылысына қажетті материалдардан сынама алып, зерттеу жұмысын жүргізген.

«Жыл басынан бері республикалық және жергілікті жолдардың құрылысына пайдаланылатын материалдардан алынған 155 сынама тексерілді. Оның ішінде 98 сынама «Атырау-Ақтөбе-Астархань» тас жолының 330-893 шақырым аралығындағы жол құрылысына пайдаланылған материалдардан алынған. Зертханалық тексеріс қорытындысына сәйкес 17 сынаманың нормативтік құжаттарға сай келмейтіндігі анықталды», - деді зертхана меңгерушісі Гаухар Атанчинова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын биыл Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жолдың 137 шақырымы пайдалануға берілетінін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар