Атыраудан Ресеймен шекараға дейінгі жолды жөндеуге 18 млрд теңге бөлінген

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барды. Ол Атырау қаласынан Ресейдің Астрахан облысымен шекараға дейінгі жолдың 616-833 шақырым учаскесін жаңарту жұмысын тексерді.
Бұл жолды қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылы басталған. 2021 жылы Құрманғазы ауданының орталығынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 60 шақырым жолды жөндеу аяқталған. Ал 2020 жылдан бері Құрманғазы ауылынан Атырау қаласына дейінгі 217 шақырым жол жөндеу жұмысы жалғасып келеді.

«Тұрғындардың көкейіндегі ең өзекті мәселелердің бірі Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жолға қатысты болып отыр. Осы ретте мердігер компаниялар қажетті материалды тасымалдау үшін вагондармен қамту, қосымша қаражат бөлу мәселесін бірнеше рет көтерді. Қазір 4 900-ден астам вагон бөлінген. Оның санын ұлғайтамыз. Ал тиісті қаражат жылдың соңына дейін Үкімет тарапынан бөлінеді», -деді Марат Қарабаев.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың мәліметінше, өңірде республикалық автожол желісі – 1126 шақырым.
«Бұл өңір аумағымен Ресейдің Астрахань облысынан Атырау, Маңғыстау облыстары арқылы Түрікменстан Республикасымен шекараға дейінгі, Орал-Атырау және Ақтөбе-Атырау бағытындағы жол өтеді. Биыл республикалық жолдарды дамытуға 36 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 18 млрд теңге Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолды реконструкциялауға жұмсалады. Қандығаш – Мақат бағытындағы трассаға 7,9 млрд, Орал-Атырау жолын реконструкциялау үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлеуге 300 млн теңге қаралып отыр», -деді Болатбек Айтбаев.
Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың Атырау облысы тұрғындарымен кездесуі өтіп жатыр.



