Атыраудың бір бөлігінде тұрғындар 3 күн ыстық сусыз отырады

Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, ыстық су беру 3-5 шілде аралығында уақытша тоқтатылады.
«Ыстық су беруді тоқтату күрделі жөндеу жоспарына сәйкес жылу пункттерінің жабдықтарын тексерумен байланысты болып отыр. «Атырау жылу жүйелері» АҚ 2023 жылғы 3-5 шілде аралығында үш жылу беру пункттінде жөндеу және тексеру жүргізеді», -деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, «Алмагүл-2» орталық жылу пунктінен «Алмагүл» шағын ауданындағы №17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24-үйлерге ыстық су берілмейді.
Ал, «Мелиорация» орталық жылу пунктіне қарайтын Қ.Сатпаев көшесіндегі 32, 32а, 34, 36, Сейфуллин 5в үйлерге ыстық су беру тоқтатылады.
Сондай-ақ, бұл күндері «Облыстық аурухана» жылу пунктіне қарасты Л.Владимирский көшесінде орналасқан №100 үйдің тұрғындары да ыстық сусыз отырады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 22 көшедегі тұрғын үйлер бірнеше күнге ыстық судан ажыратылатынын хабарлаған болатынбыз.
Мұнайлы шаһардың 22 көшесіндегі тұрғын үйлерге ыстық беру уақытша тоқтатылады. Тұрғындар 29 маусымнан 1 шілдеге дейін ыстық сусыз отырды.
Белгілі болғандай, ыстық су берілмеген тұрғын үйлердің саны – 122. Оның ішінде көпқабатты және жеке иеліктегі тұрғын үйлер бар.
«Ыстық су беруді 26 маусымда тоқтату жоспарланған еді. Құрбан айт мейрамының алғашқы күніндегі демалысқа байланысты ыстық суды уақытша тоқтату 29 маусымға ауыстырылды», - деп мәлім етті кешеннің баспасөз қызметінен.