Атыраудың Индер ауданында «Ашық әкімдік» жұмысын бастады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Қ.Сүлейменовтің айтуынша, «Ашық әкімдік» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ашылған. Мұндай «Ашық әкімдік» кеңсесі өзге аудандар мен Атырау қаласында жұмысын бастаған еді. Енді Индер ауданында да жұмыс істей бастады. Басты мақсат – тұрғындардың өтінішіне құлақ түріп, мәселелерінің тез шешімін табуына ықпал ету. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық әрекетінің алдын алып, жолын кесуді көзделген.
«Аталған жоба – «open space» форматында халыққа қолайлы жағдай қалыптастырудағы ең оңтайлы нұсқа. Мұнда тұрғын үй кезегі, әлеуметтік сала, жер мәселелері бойынша арнайы мамандар қызмет көрсетеді. Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да бар. «Ашық әкімдік» кеңсесінде 104 мемлекеттік қызметтің 34 түрін бірден алуға болады» - дейді аудан әкімі Мейірім Қалауи.
Аудан әкімдігінің ғимаратында ашылған «Ашық әкімдік» кеңсесінде балаларға арналған ойын алаңы қарастырылған. Мұнда аудан әкімінің азаматтарды жеке мәселелермен қабылдау кабинеті орналасқан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда «Ашық әкімдік» фронт-офисі ашылғанын хабарлаған едік.