Атыраудың Приморский каналында қырылған 4 тоннаға жуық балық жиналды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атыраудың Приморский каналынан 3,7 тонна өлі балық жиналды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 21 сәуірінде таңғы сағат 7-10 аралығында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы «Примаорский» каналында оттегінің жетіспеуінен Каспийден Жайыққа шалажансар балықтар аққан. Әсіресе частик балықтары - ақтабан мен торта балықтың ірі түрлері көп кездеседі және сырттай еш зақым болмаған, - деп жазды баспасөз хатшысы Facebook -тегі парақшасында.

Алдын ала болжам бойынша, балықтардың бұл күйіне теңіз жақтан бірнеше күн соққан жел мен Приморский каналына теңіз суының толуы себеп болған. Қойыртпақ су каналға құйылып, балықтардың улануына ықпал еткен.

«Балықтың біраз бөлігі Жайық өзеніне жетіп, қолайлы ортада қайта жанданды. Қырылған балық сынамалары зертханалық тексеру үшін Атырау аумақтық ветеринарлық инспекциясына жіберілді. Сонымен бірге, «Қазгидромет» ЖШС Атыраудағы филиал қызметкерлері химиялық зерттеу үшін су сынамаларын алды», - дейді С. Ділдахмет.

2020 жылдың 21-27 сәуірі аралығында 3,7 тонна қырылған балық жойылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады.

Балықтың өлу себебі зертханалық тексеру нәтижелерінен кейін қосымша жарияланады. Су қоймасы тәулік бойы бақылауда.


Соңғы жаңалықтар