Атыраулық алып жігіт еліміздің рекордтар кітабына енеді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық алып жігіт Парасат Нұрғалиевтің бойы ұзын, ал аяғының өлшемі – 56 см. Енді бұл өлшемдер еліміздің рекордтар кітабына тіркеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін, 20 сәуірде Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов мәлім етті.

Ол «Таңшолпан» бағдарламасының студиясында алып жігіттің бойын өлшеді. Көрсеткіш – 218,5 см.

«Парасат Нұрғалиев Қазақстан рекордтар кітабына «Елміздегі ең алып адам» ретінде енеді. Бір ерекшелігі, оның аяғының өлшемі болып отыр. Қазір аяғының өлшемі – 56 см. Бұл да рекордттар кітабына тіркеледі», -деп мәлім етті Қуандық Құдайбергенов.

Қазір ең алып жігіт – Парасат Нұрғалиев Индер ауданының Құрылыс ауылында анасымен бірге тұрады.

Тұрақты жұмысы жоқ. Құрылыс саласында әртүрлі жұмыс істейді.

Бос уақытында Жайық өзенінен балық аулағанды ұнатады.

«Анашымның айтуынша, мен өмірге келгенде, салмағымда да, бойымда да ерекшелік байқалмапты. Ағаларым мен апайым да орта бойлы, мен сияқты емес. Алайда, әжем ірі сүйекті болған екен. Әкем де ұзын бойлы, кең иықты, ірі саусақты болыпты», - дейді Парасат Нұрғалиев.

Оның айтуынша, бойы 6-сыныпта оқып жүргенде өсе бастаған. Киімдері қысқарып, аяғының өлшемі үлкейген.

Ал, 9-10-сыныптарда 50-өлшемді аяқкиім табу қиынға соққан. 2014 жылы мектепті бітіргенде, салмағы 120 келіге жетіп, бойы 2 метр болған.

«Менің денсаулығымда еш кінәрат жоқ. Бойымның ұзындығы да, салмағымның ауырлығы да жүріс-тұрысыма кедергі келтірмейді. Киім мен аяқкиімді арнайы тапсырыспен тіктіремін», - деп күледі алып жігіт.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында бойы – 2 метр 15 см, аяғының өлшемі – 56 см алып жігіт тұратынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram