Атыраулық балуан жағажайдағы самбодан әлем чемпионы атанды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық балуан Айбынбай Қайырберді жағажайдағы самбодан әлем чемпионы атанды. Тағы бір спортшы қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жағажайдағы әлем чемпионаты Израильде өткен.

«Израиль елінің Бат-Яме қаласында 27-28 тамыз күндері жағажайдағы самбодан ерлер мен әйелдер арасында әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл чемпионатта әлемнің 24 елінен қатысқан балуандар бақ сынады. Қазақ елінің намысын қорғаған атыраулық самбошы Айдынбай Қайыргелді 58 келі салмақта сынға түсті. Спорттық бабы келісіп, бағы жанған қазақ балуаны Ресей, Румыния, Марокко елдерінің спортшыларын айқын басымдықпен жеңді. Сөйтіп, ол жағажайдағы самбодан әлем чемпионы атағына ие болды», - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, аталған чемпионатта тағы бір атыраулық спортшы жүлдегер атанды. Ол – 71 келі салмақта бақ сынаған Жұмабай Парасат. Іріктеу кезеңінде ол француз және тәжік спортшыларын ұтқан еді.

Алайда, жартылай финалда Ресей Федерациясынан қатысқан спортшының басымдығы байқалды. Ал, қола медаль үшін болған тартысты белдесуде өзбек самбошысынан басым түсті. Осылайша, Жұмабай Парасат жағажайдағы самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері дзюдоға ауысқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар