Дзюдоға ауысқанымды әке-шешем бірден қолдамады - Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері

None
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Жақында атыраулық дзюдошы Әбиба Әбужақынова Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл – оның құрлықтық додадағы алғашқы жеңісі емес. «Қай жарысқа барсам да, алдымен елдің абыройын, қазақтың намысын қорғаймын деп аттанамын. Алда да қазақ елінің, қазақтың абыройын асқақтата беремін», - дейді ол. Дзюдошы бойжеткен осы және өзге де сайыстардағы жеңісі туралы ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

Әбиба Әбужақынова 1997 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысындағы Шыршық қаласында дүниеге келген. Анасының кеңесімен бала күнінде көркем гимнастикамен шұғылдана бастаған. Алайда, оның қалауы бір жылдан соң дзюдоға ауған.

– Көркем гимнастикадан дзюдоға ауысуыңа не себеп болды?

– Дзюдоға қызығып, өз қалауыммен ауыстым. Бұған мені ешкім мәжбүр еткен жоқ. Тіпті, маған дзюдоға ауысу туралы ешкім кеңес бермеді. Неге екенін білмеймін, өзім дзюдоға ауысқым келді. Бірақ, менің бұл таңдауымды әке-шешем бастапқыда қолдады деп айта алмаймын. Өйткені, олар «Бұл – қыз балаға тән спорт емес. Ұлдармен бірге алысып-жұлысып жүресің бе? Қол-аяғыңды ауыртып аласың ғой» деп қарсылығын білдірді. Әрине, олардың бұл қарсылығы маған жанашырлығынан туындағанын білемін. Солай бола тұрса да, мен өз таңдауымнан айнымай, дзюдомен айналысуды тоқтатпадым.

– Алғашқы бапкерің кім еді?

– Дзюдоның қыр-сырын үйреткен алғашқы бапкерім – Бақытжан Жұманов. Өзбекстанда тұратын қазақ бапкері менің осы спорттағы жетістігімнің бастауын салып берді. Өйткені, оның кеңесімен, үйретуімен жарыстардан алғаш рет жүлделі орындарды иелендім. Бұл әке-шешемнің дзюдоға деген көзқарасын түбегейлі өзгертті.

– Қазақ еліне қашан көшіп келдің?

– Әлемнің әр қиырында тұрып жатқан әр қазақтың жүрегінде «Атамекенге қоныс аударсақ» деген арман жүретіні жасырын емес. Сол арман жетегімен 2014 жылы Шымкент қаласына көшіп келдік. Алматыдағы республикалық спорт колледжіне оқуға қабылдандым. Кезінде Азия ойындарының, құрлық чемпионатының жүлдегері болған дзюдошы, қазір білікті бапкер Нұрбол Сүлейменовтің қарауында жаттыға бастадым. Соңғы жылдары Атырау қаласына ауыстым. Қазіргі бапкерім – Мейіржан Есмағамбетов.

– Қазақстанға көшіп келгеннен кейін жастар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атандың ғой. Алтын медаль алуыңа не кедергі болды?

– Иә, бұл дода 2017 жылы Хорватияның астанасы Загреб қаласында өткен еді. Бұл – менің халықаралық додада қол жеткізген алғашқы жетістігім. Сол себептен, оны ұмыта алмаймын. Загребтегі әлем чемпионатында Хорватия, Ресей, Бельгия және Бразилияның балуандарынан басым түстім. Алайда, ақтық сында жапон бойжеткенінен ұтылып қалдым. Бұған өзімнің қателігім себеп болды. Бірақ, сол кезде тік тұрып күресу кезінде қарсыластарыма «ауырту» әдісін қолданған едім. Кейіннен бұл әдісті дзюдо күресінен алып тастады.

– Өткен жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатының күміс жүлдесін иелендің. Жеңіске бір табан жақын тұр едің...

– Барлық спортшы мұндай чемпионатқа чемпион атануды мақсат етіп барады ғой. Менде де сондай мақсат болғанын жасырмаймын. Тіпті, үмітім зор еді. Ақтық сынға дейін қарсыластарымның бәрін ұттым. Бірақ, ақтық сында Ли Янаннан жеңілдім. Ол – мықты балуан. Бастапқыда ұпай саны менің еншімде болатын. Өзім болмашы қателік жіберіп алдым. Қытай балуаны бұл сәтті оңтайлы пайдаланып кетті.

– Ал, жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында чемпион атанатын мүмкіндігің болды ғой. Бірақ...

– Қай жарысқа барсам да, алдымен елдің абыройын, қазақтың намысын қорғаймын деп аттанамын. Алда да қазақ елінің, қазақтың абыройын асқақтата беремін.

Ал, биылғы Азия чемпионатының жөні бөлек. Алдымен, бұл дода елордамызда өтті. Екіншіден, маған Азия чемпионы атанатын сәт туған еді. Тайпейлік Лин Чен-Хао мен Моңғолия балуаны Наранцэцэг Ганбаатарды ұтып, ақтық сынға жақсы дайынықпен келдім. Алайда, жапон балуаны Вакана Кога басымдығын танытты. Жапон спортшысын жеңуім мүмкін еді. Өйткені, оның солақай балуанмен кездессе, абдырап қалатынын байқап жүрмін. Мен де солақаймын. Соған қарамастан, ол менің жоспарымды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Қол созым жерде тұрған алтын медальға ие бола алмадым. Сөйтіп, екінші рет Азия чемпионатының күміс жүлдегері атандым.

– Әңгімеңе рахмет!



Соңғы жаңалықтар
telegram