Атыраулық полицейлер Елбасының Жолдауын талқылады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулық полицейлер Елбасының Жолдауын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Өмірзақ Зинуллин атыраулық полицейлермен кездесті. Жиынды Атырау облысы ІІД бастығы полиция полковнигі Аян Дүйсембаев жүргізді.
«ҚР Президентінің кезекті Жолдауы қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бағдарламалардан тұрады. Мақсаттар айқын, міндеттер орындалуын күтіп тұр. Төменгі жалақыны 42 мың теңгеге дейін көтеру тапсырмасы жұмыссыздықты жоюға, сапалы жұмыс күшінің артуына септігін тигізеді. Елбасы өз Жолдауында полицейлердің қызметіне жіті көңіл бөліп отыр. Штаттық бірліктерді қысқарту есебінен жалақы мөлшерін көтеру -әл-ауқатты жақсартумен қатар полицейлерді жанама функционалдық міндеттерден де арылтады. Қоғам полицейлердің жұмысынан оң өзгерістер, бағдарламалар күтуде, ал полицейлердің жұмысының бағасы халық сенімділігінің және тұрғындардың өздерін қауіпсіз сезіну деңгейімен өлшенетінін атап өткім келеді», - деді Сенат депутаты Ғ.Дүйсембаев.
Жолдауда көрсетілген нақты тапсырмалар мен міндеттерді тарқатқан Атырау облысы мәслихат депутаты Ө.Зинуллин Елбасының тапсырмасымен биыл Жастар жылы деп жарияланғанын атай отырып, жас қызметкерлерді ынталандыру мәселесін ескеру қажеттігін айтты.
«ІІД жанында тәлімгерлер мектебі жұмыс жасайды. Қызметке қабылданған жас қызметкерлерді еңбекке баулуда, шыңдауда, олармен сөйлесіп жеке бас мәселелеріне де көңіл бөлуге аталған мектептің септігі зор. Жалпы, Елбасы Жолдауын орындау арқылы полиция қызметін жаңашыл бағыттар күтіп тұрғанын айтқым келеді. Атап айтқанда тұрғындармен жұмыс істеуде заманауи форматтардың, жаңа полиция стандарттарының және жаңа нысандық киімнің әзірленуі жоспарлары бар. Қазіргі уақытта «102» қызметінің жаңаша жұмыс істеу тетіктері қарастырылуда», - деді облыстық ІІД бастығы Аян Дүйсембаев.
Сондай-ақ жиын барысында бағдарламалық құжатта көрсетілген негізгі бағыттар, сондай-ақ Президент Әкімшілігімен бірге әзірлеген қазақстандық полицияны жаңғырту жөніндегі жол картасын енгізу мәселесі, атап айтқанда ІІМ-нің штаттық санын оңтайландыру, басқарушы буындардың қысқаруы, полицияны артық функциялардан арылту, полицияның қызметін бағалау талаптарын түбегейлі өзгерту және оның жұмысын сервистік модельге көшіру мәселелері айтылды.