Атыраулық спортшы муайтайдан әлем чемпионатында күміс жүлдегер болды

None
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық спортшы муайтайдан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, әлем чемпионаты 3-14 мамырда Тайландтың Бангкок қаласында өткен.

Әлем чемпионатында 110 елден 2500-ден астам спортшы бақ сынаған.

Чемпионат ересектер арасында екі жас ерекшелігі бойынша (А класс) және U-23 (В класс) бойынша өткен.

Ел намысын қорғаған құрама сапында атыраулық муайтайшы Әбіл Ғалиев іріктеу кезеңінде Өзбекстан, Израиль, Италия елдерінің спортшыларын ұтқан.

Ал, ақтық сында Түркия Республикасының спортшысынан жеңілген.

«Чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Муайтай спортымен айналысқаныма 13 жыл болды. Бірінші дайындығым Атырау қаласында, кейін екі апталық жаттығу кезеңін Тайланд еліндегі Самуй деген аралында өткіздім. «Қайсар» спорт клубының бапкерлері Мейрам мен Ислам Ғалиевтердің кеңесінің нәтижесінде күміс жүлдеге ие болдым. Енді қазан айында өтетін Азия ойындарына қатысу үшін жаттығуымды жалғастырамын», - дейді Әбіл Ғалиев.


Бұл - атыраулық муайтайшы Әбіл Ғалиевтың алғашқы жеңісі емес. Ол бұған дейін жастар арасында әлем чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық спортшы панкратионнан әлемнің екі дүркін чемпионы атанғанын хабарлаған болатынбыз.

Ташкент қаласында панкратионнан ересектер арасындағы әлем чемпионатында Әділбек Қайырғали 77 келі салмақта сынға түсті.

Алдымен Үндістан, Өзбекстан, Украина елдерінің спортшыларын қапы қалдырды. Ал, ақтық сында қазақстандық спортшыны ұтты.

Сөйтіп, ол екінші рет әлем чемпионы атанды. Ол 2019 жылы Италияда өткен осындай чемпионаттың алтын медальін иеленген.

Ал, 2021 жылы Украинада жалауы желбіреген осындай додада қола медальға ие болған.


Соңғы жаңалықтар