Атыраулық спортшы панкратионнан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық спортшы панкратионнан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, әлем чемпионатының жалауы Ташкент қаласында желбіреген.

«Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласында 1-2 мамырда панкратионнан ересектер арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл додада Қазақстан ұлттық құрамасының сапында атыраулық спортшы Әділбек Қайырғали ел намысын қорғады. Ол 77 келі салмақ дәрежесінде төрт кездесу өткізді. Алдымен Үндістан, Өзбекстан, Украина елдерінің спортшыларын қапы қалдырды. Ал, ақтық сында қазақстандық спортшыны ұтты», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Бұл – атыраулық споршы Әділбек Қайырғалидың әлем чемпионатындағы екінші жеңісі. Ол бұған дейін 2019 жылы Италияда өткен әлемдік дода чемпионат атанған. Ал, 2021 жылы Украинада жалауы желбіреген осындай додада қола медальға ие болған.

Сондай-ақ, Ташкенттегі әлем чемпионатында тағы атыраулық спортшы Айкөрік Қуандықова күміс жүлдегер атанды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық дзюдошы қыз Еуропа кубогінің күміс жүлдесін иеленгенін хабарлаған болатынбыз.

Атыраулық дзюдошы Эсимгуль Куюлова Хорватия Республикасының Дубровник қаласында Еуропа Кубогінде 63 келіде бақ сынады. Ол іріктеу кезеңінде қазақстандық дзюдошы Дания мен Хорватиядан, Голландия елінен қатысқан балуандарды ұтқан. Ал, жартылай финалда Хорватияның тағы бір спортшысынан басым түскен. Тек ақтық сында Германия елінің спортшысынан ұтылды.


Соңғы жаңалықтар