Атыраулық үш құтқарушы жігіт «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық үш құтқарушы жігіт «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Президент Жарлығымен құтқарушылар Нұрсұлтан Жұмағазиев, Асыланбек Құмар мен Рафаиль Закиров «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Марапатты құтқарушыларға Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин тапсырды.

Өрт сөндіру қызметінде бөлімше командирінің орынбасары лауазымын атқаратын Рафаиль Закиров биылғы 20 қаңтарда көпқабатты тұрғын үйде болған өрттен адамдарды құтқаруда батылдық танытқан. Сол күні департаменттің диспетчерлік пультіне сағат 17:35-те Атырау қаласындағы Ғ.Абдрахманов көшесінде орналасқан №39 үйдің кіреберісі түтіндеп жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші бөлімшесі жедел жетіп, пәтерлердің бірінде қарт әйелмен бірге балалардың қалғанын анықтаған. Бөлімше командирінің орынбасары, азаматтық қорғау старшинасы Рафаиль Закиров үшінші қабаттың балконынан көмекке шақырған қарт әйелді көрген.

«Жеке құрамды бастаған Рафаиль Закиров қиын жағдайда қалған адамдарды құтқаруға жедел кірісті. Ол үш иінді баспалдақпен алдымен балаларды қауіпсіз жерге түсірді. Содан кейін жеке құрамның көмегімен қарт әйелді эвакуациялады. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Ал, құтқаршуы Нұрсұлтан Жұмағазиев 7 желтоқсанда көпірден секірген жүкті әйелді құтқаруға белсене атсалысқан.

«Көпірден Жайық өзеніне секірген әйелді құтқаруға алдымен полиция қызметкерлері қайықпен жеткен еді. Бірақ, әйелге алғашқы көмек қажеттігі туындады. Сол кезде құтқарушы Нұрсұлтан Жұмағазиев Жайықтың мұздай суына секіріп, 50 метрдей қашықта тұрған қайыққа жүзіп жетті. Қайықта ес-түссіз жатқан әйелдің жүрегіне массаж жасап, жасанды дем беру арқылы алғашқы көмек көрсетті. Жағаға жеткен соң жедел кезекшінің орынбасары Асыланбек Құмар екеуі жүкті әйелге реанимациялық көмек көрсетуді одан әрі жалғастырды. Осылайша, екі құтқарушының іс-әрекетінің нәтижесінде жүкті әйел жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін есін жиды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Жұмағазиевтің жасы – 22-де. Азаматтық қорғау саласына 3 жыл бұрын жұмысқа орналасқан. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін құқықтанушы мамандығымен бітірген. Ал, 27 жастағы Асыланбек Құмар – Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігі академиясының түлегі.

«Біздің міндетіміз – қиын жағдайға тап болған адамдарды құтқару. Өйткені, біз – осы саланы таңдаған, кез келген уақытқа қол ұшын созуға дайын тұратын құтқарушылармыз. Сол себептен, әрдайым лаулап жанған өрттің ортасына кіруге де, қыста мұздай суға түсуге де дайынбыз. Көпірден секірген жүкті әйелге алғашқы медициналық көмек қажеттігін сезініп, мұздай суға секірдім. Сол кезде Жайықтың суық суынан денесі тоңазыған жүкті әйелді құтқаруды ғана ойладым. Мен мұны ерлікке баламаймын. Менің орнымда өзге құтқарушылар болса, олар да дәл осылай әрекет етеріне кәміл сенемін», -деген пікірін білдірді құтқарушы Нұрсұлтан Жұмағазиев.

Департамент басшылығы қиын жағдайға қалған адамдарды құтқаруда жедел әрекет еткен құтқарушыларды мемлекеттік наградаға ұсынуды жөн көріпті.

Еске сала кетелік, бұған дейін Тәуелсіздік күніне орай бір топ атыраулық марапатталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар