Атыраулықтар Абай күнінде тарихи тұлғалар шеруіне куә болды

Атырауда ұлы ақынның 178 жылдығына орай «Абай – ұлттың айнасы» атты әдеби-музыкалық іс-шарасы өтті. Оған қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Іс-шара М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры әртістерінің театрландырылған прологымен басталды. Шаһар жұртшылығы тарихи тұлғалар шеруіне куә болды.
«Қазақ халқының мәңгілік мақтанышы – дара да данышпан Абай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, «Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға». Қазір Абайдың дара жолын тек қазақ мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы үшін ғана емес, бар әлемге мұра деуге болады. Әлем елдерінде оның шығармашылығын зерттегісі келетін ғалымдар көп. Сол себептен ақынның мол шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа насихаттала береді», - деді Марат Мурзиев.

Ақынның туған күніне арналған іс-шарада Абайдың ескерткішіне гүл шоғы қойылды, өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Сондай-ақ жергілікті суретшілердің туындылары сурет көрмесіне қойылды. Ал Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Абай – дана, Абай дара қазақта» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлер жұртшылыққа ұсынылды.







Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау театры Мысырда «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахнаға шығаратынын жазған болатынбыз.