Атыраулықтар неліктен жарықсыз қалды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырау қаласының бірнеше шағынауданында жарық сөніп қалған еді. Жергілікті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі электр қуатының өшу себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының №1 энергия блогының апаттық жағдайда ажыратылуына байланысты жиіліктің төмендеуі байқалды. Осыған байланысты Атырау облысының электр станциялары оқшауланған жұмыс режиміне көшті. Бұл режим «Теңізшевройл», NCOC компаниялары мен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да іске қосылды. Ал, Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы Дамбы ауылынан орталықтағы шағынаудандар мен Талғайраң елдімекеніне дейінгі аралығы электр жарығымен толық қамтылды. Қазір «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-дан шығатын 35 кВ желісі қосылды. Енді Атырау қаласының қосалқы станциясынан шығатын фидерлер қосылады», - деп мәлім етті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалғанын хабарлап едік. «Балауса», «Ракуш», «Лесхоз», «Авангард» пен «Нұрсая», «Жерұйық», «Ақсай», «Жұлдыз», «Көктем», «Балықшы» шағынаудандарында жарық өшкен.

Сондай-ақ, Электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты. Зауыттың қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, электр желісіндегі ақаудың салдарынан қондырғылардың жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылған.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты бүгін, 3 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 17:25-те жұмысын тоқтатты. Бұған «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі себеп болды. Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін зауыттың отын желісі факелге жіберілді. Ақауларды жою нәтижесі туралы қосымша хабарланады», - деп мәлім етті зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.

Ал, ертең Атыраудың 25 көшесінде күні бойы электр қуаты болмайды.


Соңғы жаңалықтар