Ауа қаншалықты таза екенін қалай білуге болады
АСТАНА. KAZINFORM — Атмосфералық ауаның сапасы арнайы сынама алу және зертханалық талдау арқылы анықталады, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік атап өткендей, атмосфералық ауаның сапасын бақылау — қоршаған ортаның жай-күйін бағалаудың маңызды бөлігі.
— Арнайы бақылау құралдарының көмегімен ауа құрамындағы ластаушы заттар мен ұсақ бөлшектердің мөлшері анықталады. Сынамалар белгіленген тәртіппен алынып, зертханада талдаудан өтеді, — дейді мамандар.
Аспаптардың түрлері мынандай:
ГАНК-4 – атмосфералық ауадан газдар мен аэрозольдерді жинауға арналған аспап;
Газоанализатор – ауа құрамындағы белгілі бір газдардың концентрациясын анықтайды;
Аспиратор – ауаны арнайы сорбенттер арқылы өткізіп, ластаушы заттарды жинауға мүмкіндік береді;
PM₂.₅/PM₁₀ өлшегіштері – ауадағы ұсақ қатты бөлшектердің мөлшерін анықтайды.
Ведомство алынған нәтижелер қоршаған орта жағдайын бағалауға және ауа сапасына мониторинг жүргізуге негіз болатынын айтты.
Бұған дейін бүгін Алматы мен тағы бір қалада ауа сапасы төмендейтінін жазғанбыз.