Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірқатар өңірлерде жол қозғалысы қиындауы мүмкін

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті 26-28 наурыз аралығында ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірқатар өңірлерде жол қозғалысы қиындауы мүмкін екенін ескертеді.

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірқатар өңірлерде жол қозғалысы қиындауы мүмкін

Қазгидрометтің хабарлауынша, 26 наурыз күні Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында жауын-шашын, қарға ұласатын жаңбыр жауады, тұман түседі. 26-27 наурыз аралығында Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, 27 наурызда Павлодар облысында жауын-шашын, оңтүстік-батыстан соғатын жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, екпіні 25 м/с-қа жетуі ықтимал. 28 наурыз түнде ауа температурасы 7-12, кей жерлерде 17 градус аяз болады. Жолдарда көктайғақ орнауы мүмкін.

«Жол полициясы жүргізушілерге осындай жағдайда жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы қашықтықты ұстауға кеңес береді», - деп атап өтті ІІМ ЖПК баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина. Сондай-ақ жол полициясы  қар тазалау техникасы жұмысын және қозғалысын тежемеу үшін жүргізушілерден автокөліктерін жолдың шетінде қалдырмауын сұрайды.

«Жаяу жүргіншілерге де сақ болып, жолды тек рұқсат етілген жерлерде кесіп өту қажет», деді ІІМ ЖПК баспасөз хатшысы.