«Ауадағы ақша»: Қазақстан карбон егіншілігін қалай дамытпақ

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары ауадағы зиянды газдарды азайту үшін карбон егіншілігі қолданылып жүр. Қазақстан осы бағытқа бет бұрса, саладан жылына $35 млрд табыс табуы мүмкін. Экономикалық пайда мен экологиялық тиімділікті тоғыстырған карбон егіншілігі дегеніміз не, Үкімет қандай жобаларды қолға алады? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге сауалға жауап іздеді.

карбон егіншілігі
Коллаж: Kazinform/ Canva

Карбон егіншілігі – тек тал егу емес

Сарапшылар температураның өзгеруіне көмірқышқыл газының шамадан тыс тарауы себеп деп отыр. Сондықтан әлем елдері, тіпті Қазақстан да көмірқышқыл газын азайтуға бағытталған карбон егіншілігін жүзеге асырмақ. Қарапайым тілмен айтсақ, карбон егіншілігі – ауадағы зиянды газдарды сіңіретін өсімдікті егу.

Бұл егіншілік тек көшет отырғызумен шектеледі десек, қате болар. Мұнда топырақ қабатын сауықтыру, карбон полигондарын салу, биологиялық тыңайтқыштарды қолдану секілді жүйелі қадамдар бар. Бәрі ауаны тазартып қана қоймай, топырақ сапасын қалпына келтіруге септеспек.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Жер ресурстары және кадастр» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, карбон егіншілігі саласының тәуелсіз сарапшысы Гүлсім Айтхожаеваның айтуынша, бұл сала дәстүрлі тал егуден мүлде бөлек.

– Карбон егіншілігі топырақ пен биомассадағы органикалық көміртек қорын көбейтуге арналады. Мұнда жер жырту, дақылдарды таңдау, аралас агроорман шаруашылығы, жайылымды бақылау секілді бағытта өзгешелік бар. Егер дәстүрлі егіншілікте басымдық өнімді жылдам алуға берілсе, карбон егіншілігінде топырақ құнары мен зиянды газдарды сіңіру басты орында, – деді Гүлсім Айтхожаева.

Гүлсім Айтхожаева
Фото: Гүлсім Айтхожаеваның жеке мұрағатынан

Ғалымның пікірінше, карбон егіншілігін кез келген аймақта дамыту мүмкін емес. Егер топырақтың құрамына алдын ала талдау жасалмаса, мұндай егіншіліктің ешқандай нәтижесі болмауы ықтимал.

– Бірақ бұл парниктік газдарды сіңіретін талды кез келген жерге егуге болады деген сөз емес. Қазақстанда жердің ауқымы кең, топырақ райы санқилы. Басым аумақ жартылай шөлейтті, топырағы эрозияға ұшыраған. Мұндай аймақтағы талдың топыраққа да, қоршаған ортаға да көмегі аз. Сондықтан карбон егіншілігін дамыту үшін кей топырақтың құнарын арттырып, ағаштардың жергілікті қуаңшылыққа бейімделуіне дайын болу керек, – деп қосты профессор.

2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында дабыл қағар дерек келтірілген: қазір ауыл шаруашылығындағы топырақтың 75 пайыздан астамы тозған, ғалымдар зерттеген жерлердің 62,5%-ның қарашірігі аз.

карбон
Коллаж: Kazinform; Freepik

Бір қарағанда, карбон егіншілігі бұл мәселені аз да болса шешетіні анық. Бірақ ғалым Гүлсім Айтхожаеваның айтуынша, карбон жобалары нашар жоспарланса, мұндай шараның пайдасы жоқтың қасы.

– Құрғақшылық жылдары биомассаның өсімі төмендейді, органикалық заттардың минералдануы және эрозиялық жоғалту қаупі артады, осының бәрі SOC теңгеріміне теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жобалар құрғақшылыққа бейімделген болуы тиіс. Өсімдік тамырын қорғау, жайылымды басқару мен эрозияны азайту шараларын ұмытпаған жөн, – деді маман.

Демек, құнарлылығы төмен топырақ көміртекті сіңіруге қауқарсыз, сіңіргеннің өзінде ұзақ уақыт сақтай алмайды. Ол үшін заманауи агротехнологияларды қолданып, топырақтағы минералды заттарды байыту қажет. Сонда ғана топырақ көмірқышқыл газын сіңіріп, табиғи сүзгі қызметін атқара бастайды. Бұл өз кезегінде парниктік газдардың азаюына ықпал етеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазірден карбон егіншілігіне қажетті аймақтарды нақтылау қолға алынған.

«Жол картасына сәйкес, 2027 жылдан бастап «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» көміртегі мониторингін жүзеге асырады. Кәсіпорынның ел бойынша 15 филиалы, 14 аттестатталған зертханасы бар және 600-ден астам маман осы бағыт бойынша қажетті құзыретке ие.

Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен ынтымақтастық орнатылған. Ол көміртегінің аэрожүйелердегі айналымын басқаруға қатысты ғылыми-технологиялық шешімдерді әзірлеу мен сынақтан өткізуді іске асырады», – деді министрліктегілер.

Оған қоса биылдан бастап Қазақстан ФАО-мен (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) бірге «Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту» жобасын қолға алмақ. Үш жылға жоспарланған жоба топырақтағы көміртегінің ұлттық мониторинг жүйесін құруды және оны цифрлық картада бейнелеуді көздейді. Министрлік мамандары шара инвестициялық тартымды экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді деген ойда.

Google, Microsoft, Delta, JPMorgan Chase: карбон егіншілігіне қаржы қайдан келеді?

Қазір елдегі ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы – 219 млн гектар. Бұл көп шығынсыз ауқымды форматта көміртекті жобаларды жүзеге асыруға таптырмас ресурс саналады. Мұны толық пайдалана алса, жылына 535 миллион тонна көмірқышқыл газын тазартуға әлеует бар. Түсетін табысы да анық: 2050 жылға дейін жылына 35 миллиард доллар алуы ғажап емес.

Мұндай ауқымды қаржы қайдан келеді? Жауап көміртегі нарығында жатыр, яғни ірі халықаралық агрокомпаниялар экологиялық таза, көміртекті азайтатын тәжірибені таңдаған фермерлерге арнайы сыйақы төлейді әрі халықаралық корпорациялар «офсет» жүйесін қаржыландыруда. Мұндай офсеттерді Google, Microsoft, Delta, JPMorgan Chase және Goldman Sachs сынды алпауыт компаниялар сатып алып отыр.

Карбон егіншілігі
Коллаж: Kazinform

– «Офсет» түсінігін тауар ұғымы ретінде қабылдасақ болады. Мәселен, бір аумаққа зиянды газдарды сіңіретін ағаш егілді делік. Уақыт өте ағаштардың белгілі бір уақыт ішінде қанша көмірқышқыл газын сіңіргені есептеледі͚ – сіңірілген әр тоннаның өзіндік құны бар. Инвестор өз қаражатына егілген орман жылына қанша көмірқышқыл газын сіңіргені туралы ақпаратты, яғни офсетті арнайы платформаға шығарады. Кейін оны компаниялар сатып алады, – деді Гүлсім Айтхожаева.

Бұл тетік әлемде «көміртек нарығы» деген атаумен белгілі. Халықаралық компаниялар офсеттерді сатып алу арқылы климаттық жобаларды қаржыландырып қана қоймай, өздерінің экологиялық беделін арттыруды әдетке айналдырған.

Бүгінде ғаламдық көміртегі кредиттерін есептеу екі жүйеге негізделген. Оның біріншісі — реттелетін, яғни мемлекеттік нарық (compliance). Бұл жүйеде есептеу мен мониторинг IPCC талаптарына сүйенсе, сауда мен квоталау Еуропалық ETS моделі бойынша жүргізіледі. Қазақстан 2013 жылы ұлттық шығарындылар сауда жүйесі — ҚАЗШСЖ-ны енгізген болатын. Сол кезде бір тонна CO₂ бағасы шамамен 1 доллар деп белгіленді. Алайда инвесторлар мен шаруалардың қызығушылығы төмен болғандықтан, 2022 жылы нарық толық дерлік тұралады.

Екінші жүйе — ерікті (voluntary) нарық. Оның қалай жұмыс істейтінін Chapter Zero Kazakhstan компаниясының бас директоры Арай Серікжанова түсіндірді.

Арай Серікжанова
Фото: astanatimes.com

– Қазақстанда ұлттық ерікті стандарттар әлі қалыптаспағандықтан, компаниялар халықаралық деңгейде мойындалған жүйелерге сүйенеді. Ең басты стандарттар – Verified Carbon Standard (Verra), Gold Standard, Global Carbon Council. Мұнда офсет сіңірілген CO₂ көлемімен емес, жобаның климатқа нақты қалай әсер еткенімен өлшенеді. Елдегі орман өсіру, топырақ көміртегін сақтау жобалары да осы нарықтың принципі арқылы жұмыс істейді.

Қазақстан нақты бір елдің моделін көшірмей, реттелетін нарықта Еуропалық ETS тәжірибесін, ал ерікті нарықтахалықаралық мойындалған стандарттарды үйлестіріп отыр.

Бұл тәсіл елімізге климаттық саясатты халықаралық нормалар мен сәйкестендіріп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану жолын ашады, – деді сарапшы.

Халықаралық байланыс

Өткен жылы маусым айында Мемлекет басшысы көміртекті офсеттерді сатуға байланысты бірқатар заңға өзгеріс енгізді. Кейін құзырлы органдар мен саладағы компаниялардың жаңа тынысы ашылды.

– Valor Carbon компаниясы мен Chapter Zero желісіне кіретін компаниялар білім беру сессияларын өткізу туралы келісімге келді. Valor Carbon арнайы нарықтық шолу мен көміртегі жобаларына талдау жасайды. Әлемдік нарыққа ену үшін стратегиялардың каталогі әзірленбек. Осылайыша, Қазақстан Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестер серіктестігі (NDC Partnership) бойынша міндеттерін орындай алады, – деді Chapter Zero Kazakhstan бас директоры.

карбон
Коллаж: Kazinform; Freepik

Соңғы жылдары Үкімет салаға инвестор тартуды үдетті. Әріптестік байланыс орнатылған халықаралық компаниялардың саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде жүзеге асып жатқан жобалар көп, алайда дені пилоттық режимде.

– Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ-7) «Климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жайылымдарды қалпына келтіру үшін агроорманмелиорация» жобасы іске асуда. Жоба шеңберінде жайылымдарда көміртекті жобаның пилоттық моделі сынақтан өтіп жатыр.

Бірнеше жобаны ерекше атауға болады. Rakurs-Tech компаниясымен бірлесіп, MRV жүйесін (мониторинг, есептілік, верификация), SOC карталарын (топырақтағы органикалық көміртек), пилоттық учаскелерде көміртек әлеуетін есептеу жүргізіліп жатыр. Алматы облысының Балқаш ауданында және Жетісу облысының Алакөл ауданында орналасқан 4 мың га аумақта интенсивті жайылымды қалпына келтіру басталды. Ақтөбе облысының Әйтеке би және Қобда аудандарында 100 мың га экстенсивті жайылымдарды басқару жолға қойылды, – делінген министрліктің ақпаратында.

Айта кетейік, Қазақстан жақында британдық SEFE Marketing&Trading Limited компаниясымен мәмілеге келді. Үкімет дерегіне сүйенсек, британдық компания 30 жыл бойы орман отырғызып, көміртегі бірліктерін шығарады.

Жоба аясында Алматы облысында 1500 га аумақта орман экожүйесі құрылмақ. Онда терек, қарағаш, тораңғы, қайың, ерен ағашы, итмұрын, шырғанақ секілді 3,3 млн ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Болжам бойынша, орман жылына 26 тонна CO₂-ні сіңіреді. Болашаққа жоспар түзіп, 30 жыл алға есептесек, 1,2 млн тонна көмірқышқыл газы жойылады. Ол гектарына 780 тонна CO₂-ға тең.

агроклиматтық көміртекті полигон
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сонымен қатар өткен айда Қазақстанда алғашқы агроклиматтық көміртек полигоны – «KAZ AGRO CARBON» ашылды. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағынын өлшейтін камералар мен сенсорлар орнатылған. Полигонда температура, ылғалдылық және жауын-шашын көрсеткішін тіркейтін метеорологиялық бекеттер жұмыс істейді.

Big Data қандай көмек береді?

Гүлсім Айтхожаеваның айтуынша, карбон егіншілігіне инвестор тарту үшін статистикалық көрсеткіштер, бағалау үлгісі анық болуы шарт. Онсыз салаға қаржы құйылуы қиын.

– Көміртегі нарығына шығу үшін деректер мен зерттеулердің нық болуы маңызды. Бізде барлық өңірдегі топырақтың түрі, олардағы көміртегі құрамы толық зерттелген жоқ. Қолда бар деректер аз және олар тым шашыраңқы жасалған.

Екіншіден, Қазақстанда көміртегін сіңіретін өсімдіктер мен топырақтарға ұзақмерзімді бақылау болған емес. Жерді өңдеу кезінде топырақтың көміртекті сіңіру қабілеті қалай өзгеретінін, уақыт өте тиімділігі қалай құбылатынын білмейміз.

Тіпті, карбон егіншілігі арқылы нақты қанша көміртегі жинай алатынымызды дөп басып айту қиын. Оны нақты болжайтын зерттеу моделі керек, – деді спикер.

Сарапшының ойынша, Қазақстанға көміртекті есептеу мен бақылау үшін көп деңгейлі MRV жүйесі қажет. Топырақты 0-10 см, 10–30 см және 1 метрге дейін тереңдіктен іріктеп, органикалық көміртегі мен топырақ тығыздығын анықтау керек. Фикс-алаңдар арқылы қайта өлшеу және өзгерістерді бақылау маңызды. Сонымен қатар топырақтың CO₂ сіңіру қабілетін флюкс-станциялар, спутниктік деректер және жасанды интеллект модельдерін пайдалана отырып жүйелі түрде бағалау кезек күттірмейді. Бұл ретте алқаптарды қашықтан бақылау – Қазақстан үшін ең тиімді жол болмақ.

Экология министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 2026-2028 жылдарға арналған «Көміртегі шаруашылығын енгізу және дамыту» жөніндегі жол картасы бекітілді. Жоспарға сәйкес, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, топырақтағы көміртегі құрамын мониторингілеу және оның таралуын көрсететін цифрлық картаны қалыптастыру үшін геопортал құруда.

Big Data
Фото: pixabay.com

Эколог Гүлсім Айтхожаева карбон егіншілігіндегі статистикалық деректерді жетілдіру үшін Big Data мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануды ұсынды.

– Big Data мен жасанды интеллектінің карбон егіншілігіне көмегі көп. Олар арқылы спутниктерден, датчиктерден және дрондардан алынған деректерді пайдаланып, топырақта қанша көміртек жиналғанын дәл өлшеуге мүмкіндік бар.

Мұндай технологиялар егіннің нәтижесі қандай болатынын алдын ала болжауға қабілетті. Құрғақшылықты немесе өсімдік ахуалының нашарлауы секілді проблемаларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Нақты мәліметтердің арқасында фермерлер де көміртек кредиттерінен және өнім алу тұрғысынан табысқа кенеледі, – деп қосты Гүлсім Айтхожаева.

Екі ай бұрын 2026-2028 жылдарға арналған «Қазақстанда көміртекті егіншілікті енгізу жөніндегі Жол картасы» бекіді. Онда топырақтағы көміртегі мөлшерін бағалау жүйесін қалыптастыру, цифрлық платформа құру, көміртекті полигондар ашу және фермерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.

карбон
Коллаж: Kazinform; Freepik

 

Алайда шаруаларды карбон егіншілігімен айналысуға үгіттеу оңай болмай тұр. Себебі елде аталған егіншілікке қажетті технология жоқ, тіпті салаға арналған стандарттар мен сертификаттау жүйесі қалыптаспады. Оған қоса карбон егіншілігімен айналысуға ниеттенген кәсіпкерлерге субсидия мен салық жеңілдігі қарастырылмаған. ЖОО-да салаға қажетті маман даярлау бағдарламасы кемшін. Сондықтан сарапшылар карбон егіншілігін аяққа тұрғызу үшін мемлекеттік қолдау мен білім беру бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар