Аудан әлеуетін көтеру үшін Жайық өзені үстінен көпір салынса игі - Ш. Өтемісов

АНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыру үшін Жайық өзені үстінен көпір салған орынды.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Шавхат Өтемісов осылай мәлім етті.

«Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Жайық өзенінің екі жақ бетіне орналасқан 50 елді мекен 18 әкімшілік-аумақтық бөліністің құрамына кіреді. Аудан халқы үшін өмірдің өзегі Жайық өзенінің маңызы аса зор екені белгілі. Алайда ауданның 6 ауылдық округі, ондағы 18 ірі елді мекен өзеннің сол жақ жағалауында орналасқан. Сол себепті де жылдың күзгі-қысқы, көктемгі кездерінде, яғни қараша айынан бастап Жайық өзенінің деңгейі көтерілуіне байланысты маусым айының ортасына дейін, 6-7 ай бойына жағалаудағы тұрғындар, әр түрлі салада қызмет істейтін қызметшілер аудан орталығы Чапаев селосына облыс орталығы Орал қаласы арқылы, ал кейбірі Атырау облысының Индер ауданы орталығының тұсындағы көпірден өтіп келуге мәжбүр», - дейді депутат.

Оның айтуынша, тығырыққа тірелген жағдайдан шығу үшін жұртшылық амал жоқтығынан көбінесе қайықпен қатынайды. Бұның өзі адам өмірі үшін аса қауіпті. Мәселен, былтырғы қазан айында өзеннен қайық арқылы өтпекші болған төрт адам (соның ішінде үшеуі бір отбасынан) суға кетіп, қаза тапқан. «Чапаев ауылы стратегиялық маңызы зор тоғыз жолдың торабында орналасқан. Егер Ақжайық ауданының орталығы Чапаевтың тұсынан Жайық өзенінен автокөліктер өтетін көпір салынса, онда Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде орналасқан аудан орталықтары мен ірі-ірі елді мекендер халқы осы көпір арқылы Самара-Шымкент автотрассасына шыға алар еді. Бұл оңтүстік аймақта облыс халқының (Ақжайық ауданының халқын қосқанда) жалпы саны 140 мыңды құрайды, бұл облыс халқының төрттен біріне жуығы. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, Саратов облыстары тұрғындары үшін де Орынбор бағытына тікелей шығуға мүмкіндік туады. Экономикалық тұрғыдан қарағанда бұл жол екі мемлекеттің аралық қатынасын нығайтып, республикамызға өте пайдалы болатыны анық. Қортындылай келе, Жайық өзені арқылы көпір салу еліміз үшін ерекше маңызы бар, экономикалық-саяси, мәдени жағынан да, әлеуметтік тұрғысынан да пайдалы деп есептейміз», деді депутат.

Соңғы жаңалықтар