Аудандарды дамытудың бес жылдық жоспары әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM — Аудандарды дамытудың бес жылдық жоспарлары әзірленеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты.

Аудандарды дамытудың бес жылдық жоспарлары әзірленеді
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

— Мемлекеттік жоспарлау жүйесі аясын өзгерістер енгізіліп, алдағы уақытта Аудандарды дамытудың бес жылдық жоспарларын жасайтын боламыз. Осы аудандарды дамту жоспарларында әрбір ауылды кешенді жаңғырту жөніндегі шаралар көзделетін болады. Бұдан басқа, «Ауыл аманаты» жобасының объектілеріне дейін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, кәсіпкерлерді оқыту, өнімді сақтау, өңдеу, буып-түю және өткізу бойынша мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдары енгізілуде. Оны қарастырып жатырмыз. Мәселен, өндірілген өнімдерді сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, шығындарды азайту есебінен шаруалардың табысын арттыру, логистикалық жүйені жетілдіру және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Шағын индустриялық аймақтар құру мәселесі пысықталып жатыр, — деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, аталған жұмыстарды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесе отырып, «Өндірісті дамыту қоры» АҚ құралдары арқылы өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл мәселе мемлекеттік органдармен қарастырылуда. 

— Ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлық әлеуетті қамтамасыз ету «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жүзеге асырылатын болады және қажет болған жағдайда қолдау шараларын алу үшін мамандықтар тізбесін кеңейтуге де дайынбыз, — деді ол.

Бұған дейін «Ауыл аманаты» және «Ауыл — Ел бесігі» жобалары біріктірілетіндігін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар